Деректерді сөйлетсек, өткен жылы ел ішінде 10 265,5 мың сапар жасалған. Бұл — жалпы туристік белсенділіктің 87,2 пайызы. Сырттай қарағанда, ішкі туризмде «дүмпу» бардай көрінгенімен, осы орасан зор көрсеткіштің ішкі мазмұнына үңілсек, сала мамандары үшін түйткілді тұстар жетіп артылады.
Ел ішінде сапарлаған туристердің басым көпшілігі, яғни 60,8%-ы туыстары мен таныстарының үйіне қона жатуды жөн көріпті. Бұл көрсеткіш қонақүйлер, демалыс орындарына қарағанда бірнеше есе жоғары. Салыстырмалы түрде қарасақ:
Қонақүйлерді — 14,2%;
Жалдамалы тұрғын үйлерді — 11,5%;
Санаторийлерді — небәрі 3,6% адам таңдаған.
Бұл цифрлар Қазақстанда «туысшыл туризм» феноменінің сақталып отырғанын дәлелдейді. Халықтың басым бөлігі демалыс немесе жеке шаруаларымен өңірлерге шыққанда, сервисі дамыған қонақүйден гөрі, жақын туысының төрін артық көреді.
Туристердің ақшалай шығындары да бұны нақтылай түседі. 2025 жылы туристік сапарға шыққандардың жалпы шығыны 1 134,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде ел ішінде саяхаттағандар 659,2 млрд теңге жұмсаған. Қызығы сол, бұл қаржының қонақүйлерге кеткен үлесі небәрі 12,2% болса, негізгі бөлігі мүлдем басқа салаларға жұмсалған:
Тауар сатып алу — 25,7%;
Көлік қызметтері — 25,5%;
Тамақтану — 20,8%.
Бұл дегеніміз — қазақстандық турист демалыс орнында жатып рақаттану үшін емес, көбіне жол шығынына, базар аралап киім-кешек немесе базарлық алуға және тамақтануға көбірек қаражат жұмсайды деген сөз.
Статистика көрсеткендей, сапарлардың басым бөлігі — 94,1%-ы (11 076,2 мың адам) жеке мақсаттар үшін (той-томалақ, туысқа бару, демалыс) жасалған. Ал іскерлік немесе кәсіби мақсатта сапарлаушылар үлесі өте төмен — небәрі 5,9%.
Ең көп турист қабылдаған өңірлердің үштігі де белгілі болды:
Астана қаласы — 10,1%;
Түркістан облысы — 10%;
Алматы қаласы — 9,9%.
Түркістан облысының екінші орында тұруы аймақтың рухани-мәдени туризм орталығы десек те, келушілердің басым бөлігінің туыстарға тоқтайтынын ескерсек, бұл өңірдегі қонақүй бизнесіне әлі де болса үлкен бәсекелес бар екенін көреміз.
Ел ішіндегі саяхат көлігіне назар аударсақ қызық көрініс шыға келеді. Саяхатшылардың 36,1%-ы өз автокөлігін, 26,4%-ы теміржолды пайдаланған. Демек, ішкі туризмде автокөлік басты рөл атқарып тұр. Ал шетелге шыққан 1 505,9 мың адамның жартысынан астамы (55,7%) аэропортқа жол тартқан.
Қорыта айтқанда, 2025 жылғы статистика Қазақстандағы туризмнің әлі де болса отбасылық-туыстық байланыстарға негізделгенін көрсетеді. Триллион теңгеден астам шығынның тек сегізден бір бөлігі ғана қонақүйлер мен демалыс орындарының қалтасына түскен. Бұл — ішкі туризмнің сапалы қызмет көрсету саласына қарағанда, «базарлық» пен «туыс аралау» деңгейінде қалып отырғанының айқын белгісі болып отыр.
































