Туризм және спорт министрлігі демалыс маусымы қарсаңында азаматтарды сақ болуға шақырып, тур сатып алу кезінде құжаттарды қалай тексеру керектігін түсіндірді, деп хабарлайды sayasatlive.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Саяхатқа шықпас бұрын ең бірінші кезекте турагенттің заңды қызмет ететініне көз жеткізу қажет. Ол үшін компанияның мемлекеттік электронды тізілімде бар-жоғын тексерген абзал. Ресми тіркелмеген делдалдардан тур сатып алу — үлкен тәуекел.
Сонымен қатар туристік қызмет көрсету шартына қол қоярда баратын ел, сапар мерзімі, турдың толық құны мен ақшаны қайтару шарттары сияқты маңызды тармақтардың нақты жазылғанын мұқият оқып шығу керек.
Қаржылық мәселеде де сақтық қажет. Мамандар қаражатты менеджерлердің жеке шоттарына немесе карталарына аударудан аулақ болуды ескертеді. Кез келген төлемнен кейін міндетті түрде фискалдық чек талап ету керек, себебі тек осы құжат қана заң алдында мәміленің жасалғанын дәлелдей алады.
Брондау расталып, ақша төленгеннен кейін турагент сізге ваучер, әуе билеттері, сақтандыру полисі және ең бастысы — туркодты беруге міндетті.
Туркод — бұл сіздің «Туристік Қамқор» жүйесі арқылы қорғалғаныңыздың кепілі. Егер сапар кезінде немесе турға қатысты төтенше жағдай туындаса, +7 700 112 2 112 жедел желісіне хабарласуға болады.
