Қазақстанда төрт түлік пен құсты 3 айдан 9 айға дейінгі қысқа мерзімге сақтандыруға мүмкіндік беретін жаңа ережелер іске қосылды, деп хабарлайды sayasatlive.kz «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін шаруалар мал-жанын міндетті түрде тұтас бір жылға сақтандырып келген еді. Корпорация мамандарының айтуынша, бұл жүйе түбегейлі өзгерді. Енді шаруалар өз кәсібінің ыңғайына қарай 3, 6 немесе 9 айлық мерзімді еркін таңдай алады. Бұл әсіресе мал бордақылап, оны тез арада өткізетін немесе маусымдық жұмыспен айналысатын қожалықтардың жұмысын едәуір жеңілдетпек.
Қысқа уақытқа жасалатын келісімшарттың бағасы да мал басының саны мен таңдалған мерзімге қарай әділ есептеледі.
Жаңа жоба еліміздің барлық аймағында жыл бойы қолжетімді болады. Тек ірі қара мен қой-ешкі ғана емес, жылқы, шошқа және құс өсіретіндер де полис рәсімдей алады. Мұндағы сақтандыру түрі шаруаны жан-жақты қорғайды.
Мысалы, мал індетке шалдыққанда, табиғи апат немесе өрт болғанда, найзағай түсіп, жабайы аңдар шапқанда, тіпті біреудің қаскөйлік әрекетінен мал шығыны болған жағдайда да шығын толық өтеледі.
Бағдарламаның фермерлер үшін ең тиімді тұсы — мемлекеттік көмек. Сақтандыру полисі құнының 80 пайызын мемлекет субсидия ретінде төлеп береді, ал шаруаларға тек қалған 20 пайызын өтеу ғана қалады. Осы жеңілдікті пайдалану үшін төрт түліктің ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесінде (АШЖСЖ) ресми есепте тұруы шарт. Ал сақтандыруға өтінімді үйден шықпай-ақ, Kezekte.kz платформасы арқылы онлайн жолдауға болады.

