Астана күніне орай журналистер мен блогерлер арасында «Таза Қазақстан — Таза Астана» атты байқау басталды, деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өткізіліп отыр.
Байқаудың басты мақсаты — күн сайын елорданың тазалығы мен тәртібін күзетіп жүрген коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегін насихаттау және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру.
Сондай-ақ қала мен оның шет аймақтарын тазалау, қоқыс шығару және су басудың алдын алу шараларын жан-жақты көрсетуге басымдық беріледі.
Байқауға отандық БАҚ журналистері мен блогерлер қатыса алады. Үміткерлер үздік телевизиялық материал, баспа басылымындағы үздік мақала, интернет-басылымдағы және әлеуметтік желідегі үздік жарияланым номинациялары бойынша бақ сынайды.
Байқауға биылғы 1 мамыр мен 30 маусым аралығында қазақ немесе орыс тілдерінде жарық көрген жұмыстар қабылданады. Ұсынылатын материалдар санына шектеу жоқ.
Келіп түскен жұмыстарды коммуналдық сала мамандары мен тәжірибелі журналистерден құралған тәуелсіз комиссия бағалайды. Олар тақырыптың өзектілігіне, ақпараттың шынайылығы мен баяндау стиліне назар аудармақ.
Байқауға қатысу үшін материалдарды astana_tazalyk@mail.ru электронды поштасына жолдау қажет. Сұрақтар бойынша +7 700 259 2188 нөміріне хабарласуға болады.
Материалдар ағымдағы жылдың 30 маусымы сағат 18:00-ге дейін қабылданады, ал жеңімпаздар шілденің 2-3-і күндері белгілі болады. Жалпы жүлде қоры — 4 миллион теңге.

