Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған күнтізбе аясында Жамбыл облысында екі ірі халықаралық іс-шара ұйымдастырылады, деп хабарлайды sayasatlive.kz министрлікке сілтеме жасап.
Алғашқы шара — «Тараз – қолөнершілер қаласы» фестивалі 23 сәуірде «Көне Тараз» кешенінде басталады. Таңғы сағат 10:00-де Dombyra Party-мен шымылдығын түретін кеште шетелдік және отандық шеберлердің көрмелері мен HasSak, «Қоңыр» топтарының қатысуымен гала-концерт өтеді. Сондай-ақ келушілер ASPARA FASHION WEEK сән апталығының жаңа маусымын тамашалай алады.
Ал 25 сәуірде Талас ауданында «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі жоспарланған. Есейхан ауылының маңындағы этноауылда театрландырылған қойылымдар қойылып, «Қымызмұрындық» рәсімі мен ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Шараның ерекшелігі — Нидерланд Корольдігі Жамбыл облысына 40 000 қызғалдақ пиязшығын табыстауды жоспарлап отыр.
Еске салайық, бұл фестивальдер өңірді Грейг қызғалдағының отаны ретінде танытуға және облыстың туристік әлеуетін арттырып, шағын бизнесті қолдауға бағытталған. Жамбыл облысы барлық тұрғындар мен қонақтарды осы жарқын мерекелердің куәсі болуға шақырады.
































