Жетісуда Сиверс алмасының гүлдеу фестивалі өтеді

2026 жылғы 2 мамырда Жетісу облысында Сиверс алма ағашының гүлдеуіне арналған ауқымды фестиваль ұйымдастырылады деп хабарлайды sayasatlive.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Мерекелік шара Жетісу Алатауының баурайында, «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» аумағында өтпек. Айта кетерлігі, бұл іс-шара ҚР Туризм және спорт министрлігі бекіткен 2026 жылға арналған туристік күнтізбеге ресми түрде енгізілген. Фестивальдің басты мақсаты — оқиғалық туризмді өркендетіп, еліміздің мәдени имиджін нығайту.

Сиверс алмасы — жер бетіндегі барлық мәдени алма сұрыптарының арғы тегі. Ол гүлдеген уақытта тау бөктері ақ-қызғылт түске боялып, ерекше көрініске бөленеді. Фестиваль қонақтары үшін бағдарлама өте мазмұнды болмақ: жиналғандар алма бақтарының панорамалық көрінісін тамашалап, суретшілер байқауына, ұлттық спорт ойындары мен қолөнершілер жәрмеңкесіне қатыса алады. Сондай-ақ кеш қонақтарына арналған арнайы концерттік бағдарлама жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар өңірдің табиғи мұрасын танытып, халықаралық деңгейде туристерді тартуға септігін тигізеді. Фестиваль Жетісу облысы, Сарқан ауданына қарасты Тополевка ауылында өтеді.

Еске салайық, Сиверс алмасы – әлемдік биологиялық әртүрліліктің бірегей нысаны ретінде мемлекет қорғауына алынған.

Ұқсас ақпараттар