АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен FIRST World Championship робототехника жарысында Шымкенттегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің OVERTIME командасы топ жарды деп хабарлайды sayasatlive.kz.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 336 үздік команда қатысқан беделді додада Қаратау ауданындағы НЗМ оқушылары Reach Award Winner номинациясы бойынша бірінші орынды иеленді. Бұл чемпионат — робототехника мен инженерия саласындағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі. Мұнда қатысушылардың тек техникалық білімі ғана емес, сыни ойлауы мен командалық жұмысы да қатаң сынға түседі.
OVERTIME командасының жеңіске жетуіне олардың робототехниканы әлеуметтік жобалармен ұштастыра білуі себеп болды. Жас өнертапқыштар:
-
зағип жандарға арналған Брайль қарпіндегі тактильді кітап әзірлеп, «Үміт» мектебіне сыйға тартқан;
-
есту қабілеті шектеулі жандар үшін Soyle атты ақылды көзілдірік жасап шығарған;
-
мектеп жасына дейінгі балаларға арналған танымдық құралдар дайындаған.
Бұл жобалар ерекше қажеттілігі бар азаматтардың өмір сапасын жақсартуға және инклюзивті ортаны дамытуға бағытталған. Америкада ел намысын қорғаған оқушыларға “Шымкент — қайырымды қала” әлеуметтік даму корпоративтік қоры демеушілік көрсетті.
Еске салайық, FIRST World Championship жарысы биыл 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында өтті. Жеңімпаздардың жетістігі еліміздегі STEM бағытындағы білім берудің тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

