Ресей президенті Владимир Путин 19-20 мамыр күндері Қытайға ресми сапармен барады. Кремль мәліметінше, сапар барысында екі ел басшылары ондаған маңызды құжаттарды талқыламақ. Соның ішіндегі ең негізгі мәселе — “Сібір күші–2” газ құбыры жобасы, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Қуаттылығы жылына 50 миллиард текше метр газ тасымалдауға жететін бұл жоба Мәскеу үшін стратегиялық бағыттардың бірі саналады. Ресей Қытайды осы бастамаға шамамен он жылдан бері көндіруге тырысып келеді. Алайда Бейжің әзірге нақты шешім қабылдауға асығар емес.
Кремльдің хабарлауынша, Путин Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен екіжақты қарым-қатынас, экономикалық серіктестік және халықаралық мәселелерді талқылайды. Кездесу қорытындысында бірлескен мәлімдеме қабылдануы мүмкін. Сонымен қатар Ресей басшысы Қытай үкіметінің премьері Ли Цянмен де келіссөз өткізбек.
Путиннің бұл сапары АҚШ президенті Дональд Трамптың Бейжіңге жасаған сапарынан бірнеше күн өткен соң ұйымдастырылып отыр. Сарапшылар мұны Қытай үшін Мәскеу мен Вашингтон арасындағы ықпал бәсекесінің күшеюімен байланыстырады.
Соңғы жылдары Путин Қытайға жиі қатынап жүр. Әсіресе Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Мәскеу Бейжіңмен экономикалық және саяси байланыстарды күшейтуге ерекше мән бере бастады.
Сонымен қатар Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига да Қытайдан шақырту алғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, қазір Киев пен Бейжің жоғары деңгейдегі кездесу күнін келісіп жатыр. Бұл Украина президенті Владимир Зеленскийдің де Қытайға сапары болуы мүмкін деген болжамдарды күшейтті.

