Статистика сөйлейді: қазақстандықтар үйленуге асықпайды

Халықаралық отбасы күнінде еліміздегі неке қию көрсеткішіне қатысты қызықты деректер жарияланды. Соңғы он жылда Қазақстанда шаңырақ көтергендер саны 22 пайызға азайған, деп хабарлайды sayasatlive.kz Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сілтеме жасап.

Ресми мәліметке сүйенсек, 2015 жылы елде 148,8 мың неке тіркелсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 116 мыңға дейін кеміген. Осыған байланысты некелесу коэффициенті де төмендеп отыр. Егер бұған дейін әр 1000 адамға 8,48 некеден келсе, қазір бұл көрсеткіш 5,69-ды құрады. Салыстырмалы түрде алсақ, соңғы 20 жылдағы ең жоғары көрсеткіш 2012-2013 жылдары байқалған еді. Ол кезде әр мың адамға шаққанда 9,9 неке қиылатын.

Өңірлер бойынша ең көп үйленетіндер Астана қаласында тұрады. Мұнда 1000 адамға 6,75 некеден келеді. Бұл елордаға жастардың көптеп көшіп келуімен және еңбекке қабілетті халықтың шоғырлануына байланысты болуы мүмкін. Ал ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында (5,06) және Батыс Қазақстан облысында (5,1) тіркелді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, некелер санының азаюын ең алдымен демографиялық толқынмен байланыстыруға болады. Қазіргі уақытта неке жасына 1980 жылдардағы толысудан кейінгі, туу көрсеткіші өте төмен болған 1990 жылдардың соңында дүниеге келген ұрпақ жетті. Бұған қоса қазақстандықтардың үйленуге асықпайтыны, яғни некеге кеш тұру үрдісі де байқалады. Соңғы он жылда алғаш рет шаңырақ көтерген ерлердің орташа жасы 27,9 жасқа, ал әйелдерде 25,3 жасқа дейін ұлғайған.

Ұқсас ақпараттар