Бас мүфти кәсіпкерлерге үндеу жасады: Құрбан айтта мал бағасын шарықтатпаңыздар

Құрбан айт мерекесі қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы кәсіпкерлерді мал бағасын негізсіз көтермеуге шақырды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Бас мүфти Құрбан айттың тек діни мереке емес, қоғамдағы мейірім мен ауызбіршілікті нығайтатын ерекше күн екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы кезеңде халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, кәсіпкерлер түсіністік танытуы қажет.

Наурызбай қажы Тағанұлы мал сатушыларды бағаны қолдан өсірмеуге, ал азық-түлік саудасымен айналысатын кәсіп иелерін мереке күндері жеңілдіктер жасауға үндеді. Сондай-ақ, ол Құрбан айт аясында еліміздің барлық өңірлерінде қайырымдылық шаралары мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылатынын айтты.

Мешіттердің маңына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар, рухани кештер және түрлі мерекелік іс-шаралар өтпек. Бас мүфти тұрғындарды айт күндерін ұлттық киіммен қарсы алып, дәстүр мен бірлікті дәріптейтін шараларға белсенді қатысуға шақырды.

Мамандардың айтуынша, Құрбан айт алдында мал базарларында сұраныс күрт өсіп, соның салдарынан баға жиі құбылады. Сондықтан Діни басқарма жыл сайын кәсіпкерлерге осындай үндеу жасап келеді.

Ұқсас ақпараттар