Қазақстанда соңғы бес жылда жемқорлық қылмысы үшін 5 мыңнан астам адам сотқа тартылған. Олардың басым бөлігі — мемлекеттік қызметшілер. Finprom сарапшылары Бас прокуратураның деректеріне сүйене отырып, еліміздегі ведомстволардың жемқорлық рейтингісін жариялады, деп хабарлайды sayasatlive.kz.
2020-2025 жылдар аралығындағы статистика бойынша, жемқорлық қылмыстары бойынша ең нашар көрсеткіш жергілікті әкімдіктерге тиесілі. Бес жыл ішінде әкімдіктер мен оның құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істейтін 1 мыңнан астам шенеунік сотты болған. Айыптылардың арасында 44 әкім бар. Сарапшылар мұны жергілікті деңгейдегі бюджетті бөлу, жер телімдерін үлестіру және ресурстарды басқару саласындағы бақылаудың әлсіздігімен байланыстырады.
Жемқорлық жиі тіркелетін мекемелер тізімі:
- Әкімдіктер: 1 000-нан астам адам;
- Ішкі істер органдары: 912 қызметкер;
- Қаржы министрлігі: 180 қызметкер;
- Қорғаныс министрлігі: 146 адам;
- Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (ҚАЖК): 133 адам.
- Тіпті жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуі тиіс құрылымдардың өзі «таза» емес. Мәселен, соңғы жылдары Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жемқорлыққа қарсы қызметінің 5 қызметкері заң алдында жауап берген.
Репутациясы «таза» мекемелер
Бес жылдық кезең ішінде бірде-бір қызметкері жемқорлық дауына ілікпеген санаулы ведомстволар бар. Олар:
Ұлттық банк;
Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі;
Бәсекелестікті қорғау агенттігі;
Мәдениет және ақпарат министрлігі;
Мемлекеттік күзет қызметі.
Сарапшылар ел есінде қалған ірі қылмыстық істерді де тізбектеді. Солардың бірі — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жақсылық Омардың ісі. Ол 20 млн теңге пара алғаны және алаяқтығы үшін 6 жылға сотталды. Сондай-ақ, ел арасында «жемқорлық ескерткіші» атанып кеткен «Астана LRT» жобасының бұрынғы басшысы Талғат Ардан да 9 жылға сырттай кесілген болатын. Ол өткен жылы Түркияда ұсталғанымен, әлі күнге дейін елге экстрадицияланған жоқ.
Ең ауыр жаза Алматыдағы Медеу аудандық сотының экс-судьясы Светлана Жолмановаға кесілді. 1 млрд теңгеге жуық шығын келтірген алаяқтық әрекеттері үшін ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ресми деректер соңғы төрт жылда жемқорлық істерінің тіркелуі азайғанын көрсетеді. 2025 жылы — 976, ал 2026 жылдың бірінші тоқсанында 407 іс ашылған. Алайда, мамандар бұл тенденция жемқорлықтың азаюын емес, оның жасырын (латентті) сипатқа көшуін немесе алдын алу шараларының өзгеруін білдіруі мүмкін екенін айтады.
Өңірлер бойынша жемқорлықтың ең жоғары деңгейі Астана (124 іс) және Алматы (113 іс)қалаларында байқалады. Бұл мегаполистерде орталық мемлекеттік органдардың көптеп шоғырлануымен түсіндіріледі. Сондай-ақ, Ақтөбе, Қостанай, Жамбыл және Алматы облыстары да коррупцияға бейім өңірлер қатарында.
Ең көп тараған қылмыс түрі: пара алу (147 жағдай) және пара беру (130 жағдай). Сонымен қатар, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану деректері 2026 жылдың басында 20% артқан.
































