Қазақстанда бес жылда сәбилер арасындағы аллергия 14 есе өскен

Қазақстанда соңғы бес жылда аллергиялық аурулар күрт көбейіп, әсіресе бір жасқа дейінгі сәбилер арасында аурушаңдық 14,5 есеге артқан, деп хабарлайды sayasatlive.kz.

Зертхана дерегіне сүйенсек, 2020-2025 жылдар аралығында ең кішкентай пациенттерде аллергияның анықталуы 2 жағдайдан 29-ға дейін көтерілген. Бұл үрдіс тек сәбилерді ғана емес, барлық жас тобын қамтып отыр.

Жалпы ел бойынша аллергиясы расталғандар саны бес жыл ішінде екі еседен астам өсіп, 14 889 адамға жеткен. Зерттеулердің жалпы саны үш есеге жуық артып, 33 мыңды құрады.

«Біз адамдардың медициналық көмекке жиі жүгіне бастағанын ғана емес, анықталған сезімталдық жиілігінің нақты өскенін байқап отырмыз. Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер арасында ауруға шалдығу жағдайларының көбеюі және ауыр реакциялар үлесінің артуы алаңдатады», — дейді «КДЛ ОЛИМП» бас директоры Ерлан Сүлейменов.

Талдау нәтижесі көрсеткендей, қазіргі таңда 7-14 жас аралығындағы балалар ең көп зардап шегетін топ болып қалып отыр.

Биылғы көрсеткіш бойынша, барлық тіркелген аллергия жағдайларының 36,4 пайызы осы жастағы мектеп оқушыларының үлесінде. Сондай-ақ дертке шалдыққандардың 58 пайызы ерлер болса, 42 пайызы — әйелдер.

Дерттің қоздырғыштарына келсек, Қазақстанда арамшөптер бірінші орынға шықты. Аллергиясы расталғандардың 61 пайызы дәл осы өсімдіктерден зардап шегеді. Ең көп таралғаны — жусан. Биыл 15 мыңға жуық адамнан жусанға сезімталдық анықталған. Сондай-ақ қайыңға аллергия 3,7 есе, амброзия 2,5 есе өскен. Тіпті бұрын статистикада кездеспеген сораң, күнбағыс, жөке сияқты жаңа аллергендер тізімге енді.

Аймақтық деңгейде Қызылорда облысының көрсеткіші таңғалдырып отыр. Мұнда бес жыл ішінде аллергиясы расталғандар саны бірден 43 есеге өскен. Сондай-ақ Петропавл мен Тараз қалаларында да айтарлықтай өсім байқалады. Ал абсолюттік көрсеткіш бойынша Астана, Павлодар және Қостанай қалалары алдыңғы орында.

«Бүгінде біз денсаулық сақтау жүйесі жедел бейімделуі тиіс жаңа эпидемиологиялық ахуалға тап болдық. Ең алдымен, аллергияны ерте диагностикалауды, әсіресе бір жасқа дейінгі балалар арасында күшейту қажет. Жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, өңірлік бағдарламаларды қайта қарау, сондай-ақ бұрын ескерілмеген жаңа аллергендерді қосу арқылы тестілеу панельдерін кеңейту де аса маңызды», — деп түйіндеді Ерлан Сүлейменов.

Ұқсас ақпараттар