Ақтөбеде анасын өлтірді деп айыпталған жасөспірім ісі бойынша сот басталды

Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне шабуыл жасады деп айыпталған 16 жасар жасөспірімге қатысты сот отырысы басталды. Қазір жасөспірім психиатриялық ауруханада жатыр және отырыстарға қатыспайды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Оқиға 2025 жылдың желтоқсанында қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Тергеу деректері бойынша, жасөспірім анасы мен әжесіне пышақпен шабуыл жасаған. Зейнеткер аман қалды, ал жасөспірімнің анасы алған жарақаттарынан қайтыс болды. Сараптама нәтижелеріне сәйкес, жасөспірімге параноидты шизофрения диагнозы қойылған.

Мамандар шабуыл кезінде ол өз әрекеттерінің сипатын түсінбеген деген қорытындыға келді. Сотқа жасөспірімнің әкесі мен әжесі келді. Олар журналистерден өздерін түсірмеуді сұрап, түсініктеме беруден бас тартты. Отырыс барысында болған оқиғаның мән-жайын Ақтөбе облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Елдар Әбиев айтты.

«Жасөспірім ас үйде болған кезде анасы оған үлгеріміне қатысты ескертпе жасаған. Осыдан кейін ол раковинаның үстіндегі шкафты ашып, қара сабы бар пышақты көріп, оны алып, әйелді басқа бөлмеге дейін қуып барған. Сол жерде оған денесінің әртүрлі жеріне бірнеше пышақ жарақатын салған. Алған жарақаттарынан анасы сол жерде қайтыс болды», — деді прокурор.

Ұқсас ақпараттар