Тоқаев Путинге неге соқтықты?

Тоқаевтың Омбыдағы форум кезінде айтқан сөзі бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Әркім өзінше болжам жасап, мұндай оқыс мәлімдемені түсіне алмай дал. Әрине, көпшілік Қазақстан тарапынан, Тоқаевтан дәл осындай сөз күтпегені анық. Әсіресе, Путиннің тосылып қалғанын видеодағы бет-әлпетінен аңғару қиын емес.

Әлқисса, өткен аптада Омбыда Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті. Жиынға Қазақстан президенті Тоқаев пен Ресей президенті Путин де қатысты. Келіссөздер қорытындысы бойынша 397 миллиард теңгелік келісімшартқа қол қойылды. Осы форум аясында ресейлік әріптесімен кездескен Тоқаев Украинадағы қақтығыс туралы сөз қозғады.

Көптеген сарапшы Қазақстан президенті осы кездесуде Путинді мақтамен бауыздады деп есептейді. Мысалы, Тоқаев «Өзіңізге мәлім, мен әуел бастан мұның мемлекетаралық қақтығыс екенін айтқанмын. Бұл қандай да бір азаматтық соғыс емес», деді. Осы сөзі арқылы Тоқаев Путиннің бұған дейінгі пікірлерін жоққа шығарып отыр. Яғни, «Ресей соғысып жатқан жоқ» деген секілді пікірлердің шындыққа сай келмейтінін жеткізді.

Сондай-ақ мемлекет басшысы «Аталған қақтығыстың көпшілік үшін, соның ішінде біз үшін түсініксіз тұстары көп» деді. Сөзін қуаттау үшін Тоқаев Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығысты мысалға келтіріп, онда тарихи және басқа да себептер болғанын алға тартты. Тоқаевтың дәл осы пікірін шапалаққа теңеп жатқандар бар. Бұл түсінікті. Өйткені төрт жылдан бері Путин де, Ресей пропагандасы да неліктен «арнайы әскери операция» жүргізуге мәжбүр болғанын айтып әлек.

Ал Қазақстан президенті бір сөйлеммен-ақ мұның құнын жоққа шығарды. Өзіңіз ойлап көріңіз, Қазақстан – Ресейдің стратегиялық серіктесі. Әсіресе, сауда санкциясы кезінде еліміздегі кей компаниялар біраз тауарды сұр жолмен жеткізуге көмектесіп отырғаны жасырын емес. Былайша айтқанда, тұңғиыққа құлаған Ресей экономикасының ауа сорып тұрған жалғыз түтікшесі іспетті.

Оның үстіне, батыс саясаткерлері де, Ресейдің кейбір пропагантистері де Қазақстанды Кремльдің ықпалындағы мемлекет санайды. Мәскеудің дегеніне көніп, айтқанымен жүреді деп есептейді. Сөйткен Қазақстанның президенті Украинадағы соғыс 5 жылға жалғасып жатқанда қақтығыстың түсініксіз екенін айтады. Демек, соғыстың себебін Ресейдің ең жақын серіктесі түсінбей тұрса, бұдан артық қандай масқара керек?!

Бұдан бөлек, Тоқаев қақтығысты уақытша тоқтатып, келіссөздер үстеліне отыруға шақырды. Содан кейін ғана бейбіт келісім туралы сөз қозғауға болатынын тұспалдады. Осы жерде Қазақстан президентінің барынша дипломатия тілі мен тәсілдерін пайдаланғанын айта кеткен жөн.

Біріншіден, Аляскадағы кездесуде Путиннің икемділік танытқанын тілге тиек етіп, әріптесін мақтап қойды. Сондай-ақ Ресей кепілгерлік танытса, бейбітшілік орнайды дегенді айтты. Яғни, соғысты кез келген сәтте тоқтата аласың ғой дегенді тұспалдады. Екіншіден, Ресейді ұлы елге, орыс халқын ұлы халыққа теңеп, өз мәселесін өзі шешуі керек деді. Мұнда да мақтап-мақтап, арқадан қағып қойды.

Үшіншіден, Путинге қаратып айтқан сөзінің бәрі өзінің ғана жеке пікірі емес, басқа да әріптестерінің тілегі екеніне екпін берді. Қарапайым түсінікті тілмен жеткізсек, маған жеткіз дегенін жеткіздім, бірақ мен де осыны қолдаймын дегенге саяды.

Негізі, Тоқаевтың да Украинадағы қақтығысқа қатысты пікірі өзгерген емес. Сонау Санкт-Петербургтегі форумда Қазақстан тарапы Луганск пен Донецк облыстарын жеке мемлекет деп танымайтынын мәлімдеді. Бұл да кезінде қызу пікірталас туғызған еді. Одан кейін де келіссөз үстеліне отыруға шақырып, бейбітшілікті қолдайтынын бірнеше мәрте айтты.

Бірақ Омбыдағы өңіраралық ынтымақтастық форумында Украина мәселесіне қайта айналып келуінің себебі неде? Бұған қатысты түрлі болжамдар айтылып жатыр. Бірі Тоқаев кездесуде Трамптың сәлемін жеткізді деп есептейді. Бұның дәлелі ретінде 10 шілдеде Тоқаев пен Трамптың телефон арқылы тілдескенін мысалға келтіреді. Алайда Ақ үйде Ақорданың нөмірінен бөлек Кремльдің де нөмірі бар екені анық. Ендеше, Дональд көке «соғысты тоқтат» деп Путинге тікелей хабарласа алады.

Екінші тарап Си Цзиньпин өтініш білдірді деп санайды. Бұған себеп бар. Өйткені соның алдында ғана Тоқаев Қытайға барып қайтқан еді. Шанхайда Қытай басшысымен жолығып, біраз әңгімелесті. Оның үстіне, Қытайдың ештеңені тікелей айтпайтыны, тұспалдап жеткізетін дәстүрі бар. Бәлкім, Си мырза кездесуде сәлемімді жеткізсең деген өтініш айтуы мүмкін. Алайда Тоқаевтың соғысты тоқтату туралы айтуының басты себебі экономикада жатқан сыңайлы.

Мұны кездесуде Қазақстан президентінің өзі ашық мойындады. Келіссөздер енді басталған сәтте қазіргі геосаяси дүрбелең кезінде экономика басты мәселеге айналғанын атап өтті. Бұл Қазақстан секілді мемлекеттерді де айналып өтпейтініне, логистикаға залал әкелгеніне тоқталды. Яғни, әлемдегі жағдайлар экономикамызға зардабын тигізіп отырғанын тұспалдады.

Білесіздер, 19 шілдеде Украина дрондары Каспий мұнай құбыры консорциумына шабуыл жасады. Салдарынан танкерлерге залал келіп, мұнай тиеу уақытша тоқтатылған еді. Ал бұл Қазақстан үшін ауыр соққы. Өйткені КТК еліміздің күре тамыры іспетті. Шетелге экспортталатын мұнайдың 80 пайыздан астамы осы құбыр желісі арқылы тасымалданады. Сондықтан Қазақстан үшін КТК-ның амандығы керек.

Әлбетте, Тоқаевтың Омбыдағы мәлімдемесін қарапайым ғана бағалау қиын. Біреулер мұны Ресейге бағытталған астарлы ескерту десе, келесілері халықаралық ойыншыларға жолданған дипломатиялық сигнал деп қабылдады. Бірақ анығы, Қазақстан президенті бұл жолы Украинадағы соғыс тақырыбын кездейсоқ көтерген жоқ. Оның астарында ең алдымен Қазақстанның ұлттық мүддесі, экономикалық қауіпсіздігі жатыр. Өйткені соғыс созылған сайын геосаяси ахуал ушығып қана қоймайды, сонымен қатар Қазақстан экономикасына түсетін салмақ та арта береді. Сол себепті де Астананың бейбіт келіссөздерді қолдауы қандай да бір тараптың мүддесін қорғаудан емес, ең алдымен Қазақстанның ұзақмерзімді мүддесінен туындап отыр деуге толық негіз бар.

Ұқсас ақпараттар