Щучинскіде 12 кісінің өліміне себеп болған кафедегі өрт ісін тергеу жұмыстары мәресіне жетті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ақмола облысы Бурабай ауданының Щучинск қаласындағы «Палау орталығы» кафесінде 12 адамның өліміне әкелген өртке қатысты тергеу аяқталды. Іс өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу және қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету баптары бойынша тергелді, деп хабарлады облыстық прокуратура.
Қайғылы оқиға 26 ақпанда болған. Салдарынан бес адам оқиға орнында қаза тапса, кейін ауруханада тағы жеті кісі көз жұмды. ТЖД мәліметінше, кафеде газ баллоны жарылып, артынша өрт шыққан. Оқиғадан кейін қылмыстық іс қозғалып, дәмхана иесі қамауға алынған.


