Түркістан облысында медицина ұйымының басшысынан 15 млн теңге бопсалаған екі күдікті ұсталды

Түркістан облысында медицина ұйымының басшысынан 15 млн теңге алмақ болған екі күдікті ұсталды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Олар өздерін Қаржы мониторингі агенттігінің (ҚМА) қызметкерлері ретінде таныстырып, қылмыстық қудалаумен қорқытқан. ҚМА хабарлауынша, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі ықтимал жымқыруларға байланысты тексерулер мен тергеулер аясында осындай жағдайлар жиілеп кеткен.

Алаяқтар осыны пайдаланып, медициналық мекемелердің басшыларымен байланысып, анықталған бұзушылықтар туралы айтып, ақшаға қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруды ұсынған. Тергеу нұсқасы бойынша, Түркістан облысында екі күдікті дәл осындай схемамен әрекет еткен.

«Өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстырып, олар медициналық ұйымдардың бірінің басшысынан 15 млн теңге талап еткен. 5 млн теңге алған соң, алаяқтар қалған 10 млн теңгені беруді талап етті», — делінген ҚМА хабарламасында.

8 тамызда күдіктілерді Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері ҚМА Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады. Сот оларды қамауда ұстауға санкция берді. Тергеу жалғасуда. Агенттік сондай-ақ қаржы мониторингі органдарының қызметкерлері қылмыстық қудалауды тоқтату немесе жауапкершіліктен босату үшін ақша талап етпейтінін хабарлады. Адамды қаржы мониторингі органдарына сотқа дейінгі тергеу аясында шақыруы мүмкін. Ол үшін заңда белгіленген тәртіппен ресімделген ресми шақыру қағазы жіберілуі тиіс.

Ведомство қызметкерлері атынан бопсалау әрекеттері туралы ҚМА-ның 1458 нөмірі бойынша call-орталығына хабарлауды сұрайды.

Ұқсас ақпараттар