Мәжіліс депутаты Абзал Құспан хакім Абайдың қазақ қоғамындағы әйел құқығын қорғауға қатысты прогрессивті көзқарасы мен заңдық нормалары туралы айтты деп хабарлайды sayasatlive.kz «Ой лайық» подкастына сілтеме жасап.
Депутат подкаст барысында ұлы ақынның Қарамола съезінде бекіткен тарихи құжатына назар аударды. Оның сөзінше, сол тұста қазақ әйелдерінің тағдырын шешетін маңызды құқықтық өзгеріс енгізілген.
«Бұрын қалың малға сатылған әйел күйеуінен айырылса немесе ажырасса, оны тағы да саудалау мәселесі туындайтын. Сол кезде Абай «жоқ» деп нақты норма енгізді. Ол бойынша әйел өз тағдырын өзі шешуге ерікті болды және оған берілген қалың мал қайтарылмауы тиіс еді», — деді халық қалаулысы.
Абзал Құспан бұл шешімнің сол заман үшін үлкен бетбұрыс болғанын жеткізді. Оның пайымдауынша, Абайдың мұндай құқықтық ойлары қазақ даласындағы әлеуметтік жаңғыруға жол ашты.
Еске салайық, Абай Құнанбайұлы 1885 жылы Шар өзенінің бойында өткен Қарамола съезінде төбе би болып сайланып, қазақ қоғамына арналған арнайы заң ережелерін әзірлеуге атсалысқан.





























