Байларға жәрдемақы керек пе?

Қазақстан 2027 жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақыны есептеудің жаңа тәсілін енгізуді жоспарлап отыр. Енді кейбір жәрдемақы нақты мұқтаж жандарға беріледі. Бір қарағанда, бұл өте әділетті шешім сияқты көрінеді. Себебі мемлекет қаржысын ең алдымен көмекке мұқтаж адамдарға жұмсауы керек. Бірақ мұндай тәсілдің екінші жағы да бар. Бұл қаншалықты дұрыс? Кемшілігі қандай?

Қазіргі таңда жәрдемақы екі бағыт бойынша тағайындалады: әлеуметтік жағдайына қарамастан төленетін және қоғамның белгілі бір тобына берілетін. Біріншісіне, бала туу секілді жағдайлар жатса, екіншісіне – көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақы жатады. Келесі жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақының 14 түрі Отбасының әлеуметтік әл-ауқаты әдістемесі арқылы белгіленбек.

Сондай-ақ зейнетақы жинақтарының мемлекеттік кепілдендіру механизмі де өзгереді. Енді мемлекет инфляция есебінен өтемақы төлеуді тоқтатады. Бұдан бөлек, Әлеуметтік кодекстен бала тууына байланысты зейнетақы жарнасын мемлекет есебінен өтеу де алынып тасталады.

Бала туу дегеннен шығады. Заңнамаға сәйкес, ер адамдар да декреттік демалысқа шыға алады. Жоспарланған өзгерістерге сай, ер адамдардың декреттік төлем алуы тоқтатылмақ. Сол секілді жұмыссыз жүргендерге төленетін жәрдемақы мерзімі алты айдан үш айға дейін қысқарады.

Отбасының әлеуметтік әл-ауқаты әдістемесіне сәйкес, азаматтар бес санатқа бөлінеді. Бағалау кезінде отбасының құрамы, табысы, жұмыспен қамтылуы, мүлкі және басқа да көрсеткіштер ескеріледі. Деректер негізінен онлайн тексеріледі. Ал қажет болған жағдайда қосымша құжат сұратылуы мүмкін.

Мысалы, «А» санаты табысы жоғары отбасы болып саналады. Бұл топқа кіретіндердің жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жеті есе немесе одан да көп болуы қажет. Сонымен қатар бірнеше жылжымайтын мүлкі, қымбат активтері, ірі бизнесі, ауқымды жер телімі және басқа да дүниесі болуы тиіс. Ең қызығы сол, қазіргі таңда осы санатқа енетін 110 мыңнан астам азамат жәрдемақы алады екен. Демек, мемлекет жаңа жүйе арқылы дәл осы азаматтарды әлеуметтік қолдау тізімінен шығаруды көздеп отыр.

Жаңа өзгерістер енгізілген жағдайда мемлекет дәл осы топқа кіретін азаматтарға берілетін жәрдемақыдан 80 миллиард теңге үнемдейді. Ал жалпы 862 миллиард теңгені үнемдеуді жоспарлап отыр. Әрине, мұның бәрі қағаз жүзінде тамаша көрінеді. Алайда іс жүзінде қалай болатынына күмән көп. Мұның бірнеше себебі бар.

Біріншіден, мұндай тәсіл көлеңкелі экономиканы күшейтіп жібермей ме деген сауал туындайды. Өйткені кейбір пысықай мемлекеттен жәрдемақы алу үшін шынайы табысын жасыруға тырысуы мүмкін. Бірі жалақысын «конвертпен» алады, енді бірі мүлкін туысының атына рәсімдейді. Мұндай құйтырқы әрекеттер бұрыннан бар. Сондықтан мемлекет мұнымен қалай күресетіні әзірге түсініксіз. Мүліктің нақты кімге тиесілі екенін қалай анықтайды? Ал баспанасы мен көлігі несиеге алынған болса ше? Ондай жағдайда жәрдемақыдан айыру әділетті ме?

Екіншіден, жаңа жүйенің өзі қаншалықты әділ жұмыс істейтіні де маңызды. Барлық дерек электронды база арқылы тексеріледі дейді. Бірақ мемлекеттік ақпараттық жүйеде қате кетсе ше? Немесе азаматтың жағдайы базаға уақытында енгізілмесе ше? Ондай жағдайда шын мұқтаж отбасының өзі жәрдемақыдан қағылып қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай шешімге шағымдану және оны қайта қарау тетігі барынша ашық болуы қажет.

Үшіншіден, кейбір жәрдемақы түрін табысқа қарап тағайындау мемлекеттің әлеуметтік саясатының қазіргі ұстанымын өзгертеді. Мәселен, бала тууына байланысты берілетін жәрдемақы азаматтың табысына емес, өміріндегі маңызды оқиғаға байланысты төленеді. Сондықтан мұндай төлемді табысқа қарап шектеу қаншалықты дұрыс деген сұрақ туындайды. Онсыз да халық санын көбейте алмай жүргенде, мұндай қадамға бару ақылға қонымсыз болып тұр.

Дегенмен мемлекеттің әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындарды азайтуға деген ұмтылысы түсінікті. Себебі Қазақстан осы бағытқа мемлекеттік бюджеттің басым бөлігін жұмсайды. Мысалы, былтыр әлеуметтік салаға 9,8 триллион теңге бөлінді. Бұл бюджеттің жартысына жуық. Ал көптеген дамыған елде әлеуметтік салаға бюджет шығынының 30-35 пайызы ғана жұмсалады.

Оның үстіне, жыл сайын бюджет тапшылығы триллиондап саналады. Үкімет оны көбіне Ұлттық қордан трансферт тарту арқылы жауып келеді. Бірақ Ұлттық қор түпсіз шелек емес. Дәл осы қарқынмен жалғастыра берсек, алдағы жиырма жылда қордың қаражаты едәуір азаюы мүмкін. Демек, үкімет шығынды барынша қысқартуға тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, жоспарланып отырған өзгерістің де қисыны бар.

Әйтсе де, үкімет шығынды азайтуды әлеуметтік саламен ғана шектеп қалмауға тиіс. Онсыз да мемлекеттің қаражаты желге ұшып жатқан салалар жетерлік. Жыл сайын түрлі форумдар, конференциялар, көрмелер мен басқа да іс-шараларға миллиардтаған теңге жұмсалады. Әрине, олардың бәрін бірдей пайдасыз деуге болмайды. Алайда кейбірінің ел экономикасына нақты қандай пайда әкелгенін бағалау қиын.

Сол секілді елдің имиджін қалыптастыруға бағытталған шығындарға да ревизия жасайтын уақыт жетті. Тәуелсіздік алғанымызға 35 жыл болды. Қазақстанды әлем танымайды деп айта алмаймыз. Оның үстіне, миллиондап қаржы құйылған жарнамалардан гөрі әлеуметтік желідегі қарапайым видео немесе бір туристің әсерлі жазбасы елімізді әлдеқайда жақсы танытып жатады.

Мемлекеттік сатып алу жүйесі де көптен бері қоғамның сынына ұшырап келеді. Бәлкім, мұны үкімет мойындар, мойындамас. Бірақ мемлекеттік сатып алуда «шапкасын» беру, белгілі бір компанияға ыңғайланып техникалық талаптар жазу, бағаны негізсіз көтеру секілді әрекеттердің бар екенін көпшілік жақсы біледі.

Осындай әрекеттердің салдарынан жаңадан салынған жол бір-екі жылға жетпей бұзылады. Жаңа пайдалануға берілген ғимараттың төбесінен су ағады. Сапасыз жұмыс қайта жөнделеді. Ал қайта жөндеу дегеніңіз тағы да бюджеттен қаржы бөлу деген сөз. Яғни мемлекет бір жұмыстың ақысын екі, кейде үш рет төлейді.

Сондықтан бюджет шығынын оңтайландыру тек әлеуметтік төлемдерді қысқартумен шектелмеуі керек. Егер мемлекет мемлекеттік сатып алудағы тиімсіздікті азайтып, орынсыз шығындарды қысқартса, онда әлеуметтік қолдауға кететін қаржыға қол сұқпай-ақ миллиардтаған теңгені үнемдеуге болады. Ендеше, үкімет бюджет шығынын қарапайым халықтың есебінен ғана емес, алдымен өзі қалыптастырған жүйенің кемшіліктерін түзету арқылы азайтқаны жөн. Сонда ғана мұндай реформалар қоғамға әділетті көрінеді.

Әлихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,
журналист

Ұқсас ақпараттар