Конституциялық сот бірқатар лауазым иелерінің жаңа Конституция бойынша қайта тағайындалуына не сайлануына болатынын хабарлады. Бұл президент өкілеттігіне де қатысты. Сол-ақ екен әлеуметтік желі дүр сілкінді. Түрлі пікірден көз алып жүре алмайсыз. Оппозициялық тарап бұл шешімді сынға алса, билікшіл блогерлер ақтап алуға тырысып жатыр.
Сонымен не болды өзі? Референдумда қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, бір адам бір реттен артық Қазақстан Президенті лауазымын иелене алмайды. Сол секілді Конституциялық сот төрағасы және судьясы, Жоғарғы сот төрағасы, Бас прокурор қызметін бір реттен артық атқаруға құқығы жоқ.
Ал Конституциялық сот бұған дейін аталған қызметтерде болған тұлғалар 1995 жылғы Ата заң аясында өкілеттік еткенін алға тартып, жаңа Конституцияда қамтылмайтынын айтады. Яғни, екеуі екі бөлек құқықтық жүйе болғандықтан, қайта тағайындалуға не сайлануға болатынын мәлімдеді. Қазір билікшіл блогерлердің насихаттап отырғаны да осы.
Тоқаевтың қайта сайлауға түсуге мүмкіндігі бар екені туралы ақпарат біраз адамда «когнитивті диссонанс» тудырғаны анық. Себебі Қасым-Жомарт Кемелұлы талай мәрте бір адам бір реттен артық президент болмауы керек деген пікір білдірген-тұғын. 2022 жылғы референдум кезінде осы месседж биік мінберлерден айтылды. Сарай бұлбұлдары да керемет жетістік ретінде аузының суы кетіп насихаттады. Тіпті, кешегі жаңа Конституция мәтінін әзірлеу кезінде де жиі айтылған тақырып еді.
Ендеше, айналдырған бірнеше жылдың ішінде мұндай саяси қадам жасаудың не қажеті болды? Неліктен Тоқаев қайта президенттікке түсуге құқығы бар екенін ресми түрде бекітіп алды?
Нақты себебін, әрине, біле алмаймыз. Бірақ болжам жасап көруге болады. Меніңше, мұндай қадамға әсер етуі мүмкін үш себеп бар. Біріншісі, былтыр Конституциялық реформа басталған кезде-ақ жоспарлануы ықтимал. Яғни, мүлдем жаңа Ата заң деген желеумен референдумда қолдауға ие болады. Қабылданғаннан кейін саяси шоу жасап жібереді.
Мұның түк қиындығы жоқ. Конституциялық сот президент әкімшілігі айт дегенді қайталап береді. Бақылаудағы бұқаралық ақпарат құралдары жаппай насихаттайды. Бұған әлеуметтік желі белсенділерін қосыңыз. Қысқасы, өткізіп жіберуге мүмкіндік мол.
Дегенмен, бұл болжамның бір кемшілігі бар. Ақыры президенттікке қайта түсуді көздеп отыр екен, ендеше қайта сайлану құқығын неліктен Ресейдегідей Конституцияға енгізіп жібермеді? Өтпелі ережелерге қосып жіберсе, мұртын балта шаппас еді.

Екінші нұсқа – Тоқаевтың сыртқы саясаттағы амбициясына байланысты. Биыл БҰҰ БАс хатшысының сайлауы өтеді. Тоқаев осы лауазымға таласып көреді деген әңгіме аз айтылған жоқ. Оның үстіне, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қадамдары да осыны нұсқап тұрды. Мысалы, Астанаға сонау Африкадан ат терлетіп бірқатар мемлекет басшысы келіп кетті. Егер Қазақстан дипломаттары халықаралық аренада олардың қолдауын қажет етпесе, мұндай кездесулердің болуы неғайбыл еді. Өйткені Африка елдерімен тығыз экономикалық байланыс орнату өте қиын шаруа.
Демек, Тоқаев бастапқыда БҰҰ Бас хатшысы лауазымына баруды көздеп, Ақорданың идеологтары жаңа Конституцияда президент өкілеттігін ескермеді. Алайда жоспар өзгеріп кеткен соң, осындай қадамға баруға тура келіп отыр. Бұлай ойлауымызға себеп бар. БҰҰ Бас хатшысына үміткерді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі ұсынады. Олардың мақұлдаған кандидаты көп жағдайда БҰҰ Бас Ассамблеяда қолдау табады. Ендеше, Қауіпсіздік кеңесіндегі бес тұрақты мүше Тоқаевты қабылдамауы мүмкін.
Үшінші себеп – ішкі ахуал осындай қадамға баруға итермелеп отыр. Негізі ресми түрде Тоқаев 2029 жылға дейін президент болады. Бірақ білетіндер келесі жылы мерзімінен бұрын сайлау өткізілуі мүмкін екенін жиі айтып жүрді. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды». Демек, бұл әңгіме асүйде ғана емес, Ақорданың ішкі кухниясында да талқылануы ықтимал.
Мұндай жағдайда ескі Қазақстан өкілдері белсенетіні анық. Назарбаев биліктен кеткенімен, оның жақтастары әлі де тұғырынан тайған жоқ. Олардың қолында ақша да, ресурс та жетерлік. Кез келген сәтте билікке таласып, өз кандидатын шығаруға тырысуы әбден мүмкін. Осыны ескерген Тоқаев Конституциялық сотқа сұрай салып, қайта президенттікке сайлануы мүмкіндігін бекітіп алды. Осылайша ішкі элитаға биліктен кетпеймін деген нақты месседж жолдады. Ал ертең уақыты келгенде өз ізбасарын әзірлеген Тоқаев сайлауға қатыспай қалуы да мүмкін.
Меніңше, ең ықтимал нұсқа осы. Ішкі аудиторияға «тым дәмелене бермеңдер» деген белгі беріп, билікке таласуы мүмкін топтарды тоқтатып отыр. Айтпақшы, қазір сарай бұлбұлдары мен билікшіл блогерлердің қақсап айтып жатқаны да осы.
Әрине, мұның бәрі біздің жауырынға қарап бал ашқанымызға тең. Қандай себеп болғанын сырттағы ешкім әзірге дөп басып айта алмайды. Бірақ үш нұсқаның ішінде соңғысы шындыққа бір табан жақын көрінеді. Өйткені билік транзиті туралы қауесет тарап, саяси элитаның кей әрекеті осындай саяси белгі беруді қажет етуі мүмкін. Конституциялық соттың түсіндірмесі дәл осы міндетті орындап отыр. Яғни, мәселе Тоқаевтың міндетті түрде қайта сайлануға ниет танытуында емес. Ең бастысы, қажет болған жағдайда ондай мүмкіндік өзінде бар екенін көрсетіп, билік ішіндегі түрлі топтарға нақты белгі беруінде жатса керек.
Алихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ
журналист


