Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына сапары кезінде Қазақстанды «штрафстан» деп атап жүргендерге қатысты пікір білдірді. Бір жағынан, мемлекет басшысының бұл реніші орынды. Себебі Қазақстанды «штрафстан» деп келемеждеу – мемлекет атауын қорлау. Оның үстіне, әлемнің көптеген дамыған елдерінде айыппұл көлемі біздегіден әлдеқайда жоғары, әрі құқық бұзушылыққа қатысты талаптар да қатаң.
Екінші жағынан, Қазақстандағы айыппұл жүйесінің әділеттілігі туралы сұрақ туындайды. Мәселен, түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны немесе қоғамдық орынды ластағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Биылғы АЕК мөлшері 4325 теңге екенін ескерсек, бұл 21 625 теңгені құрайды. Сол сияқты жол ережесін бұзуға қатысты да әртүрлі айыппұл түрлері белгіленген.
Осы жерде мәселе бар. Біреулер үшін 21 мың теңге елеулі сома болса, қалталы азамат үшін бұл бір кешкі ас немесе күнделікті ұсақ шығын ғана. Яғни, заң талабы бәріне бірдей болғанымен, оның салмағы азаматтардың материалдық жағдайына қарай әртүрлі сезіледі. Бай адам үшін айыппұл көбіне жай қолайсыздық болса, қарапайым тұрғын үшін елеулі қаржылық жазаға айналады.
Әрине, заң баршаға ортақ. Бұл – дау тудырмайтын қағида. Дегенмен, мұндай жүйе қаншалықты әділетті? Айыппұлдың негізгі мақсаты бюджет толтыру емес, қоғамды тәртіпке үйрету емес пе? Егер жаза қоғамның бір бөлігіне ғана әсер етіп, екінші бөлігі үшін ешқандай тежегіш бола алмаса, оның тиімділігіне күмән туады.
Жақында Астанада бір жүргізушінің жол ережесін 80-нен астам рет бұзғаны туралы ақпарат тарады. Оның қалталы азамат екені де белгілі болды. Бұл жағдай айыппұл кей адамдар үшін нақты тежегіш фактор бола алмай отырғанын көрсетеді. Мұндай мысалдар жол қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдің күшеюіне де әкелуі мүмкін.
Оған қоса, Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол апаты да қоғам назарын осы мәселеге қайта аударды. Өкінішке қарай, жолдағы жауапсыздық кейде адам өмірімен аяқталады.
Осыдан келіп тағы бір заңды сұрақ туындайды: Қазақстандағы айыппұл жүйесі қаншалықты әділетті? Бұл ретте Финляндия тәжірибесін мысалға келтіруге болады. Онда көптеген құқық бұзушылықтар бойынша айыппұл мөлшері адамның табысына қарай есептеледі. Табыс жоғары болса, айыппұл да соған сай артады. Ал табысы төмен азамат үшін жаза жеңілірек болады.
Мәселен, 2002 жылы «Nokia» компаниясының сол кездегі басшысы Ансси Ваньоки жылдамдықты асырғаны үшін 100 мың доллар көлемінде айыппұл төлеген. Мұндай тәжірибе Финляндияда сирек емес. Соған қарамастан, бұл ел әлемдегі ең бақытты мемлекеттердің қатарында. World Happiness Index рейтингінде финдер бірнеше жылдан бері алдыңғы орындарда келеді.
Финляндиядағы бұл жүйенің мақсаты – бюджет толтыру емес, әділеттілікті қамтамасыз ету. Егер бай мен кедей үшін бірдей айыппұл салынса, оның әлеуметтік теңсіздік тудыруы заңды. Сондықтан жазаның көлемі адамның нақты мүмкіндігімен байланыстырылған.
Мұндай тәжірибе тек Финляндияда емес. Швейцарияда, Данияда және басқа да Еуропа елдерінде ұқсас тетіктер қолданылады. Ұлыбритания да белгілі бір құқық бұзушылықтар бойынша табысқа негізделген санкцияларды енгізу мәселесін қарастырып келеді.
Қазақстан да болашақта осы бағытқа назар аударуы мүмкін. Өйткені табысының аз бөлігіне де ауыр тиетін айыппұл қарапайым азамат үшін әділетсіз әсер қалдырады.
Бұл мәселе салық саласында да өзекті. Жаңа Салық кодексі қабылданып, қосылған құн салығына және өзге де бағыттарға өзгерістер енгізілді. Дегенмен үдемелі салық жүйесі толыққанды енгізілген жоқ. Бұған дейін мемлекет басшысы да бұл бастаманы бірнеше рет көтерген болатын.
Қолданыстағы жүйе бойынша, табысы 8 500 айлық есептік көрсеткіштен асатын азаматтар ғана 15 пайыздық прогрессивті салық төлейді. Ал көптеген дамыған елдерде үдемелі салық жүйесі кеңінен қолданылады. Оның негізгі қағидасы – көп табыс тапқан адам қоғам алдындағы жауапкершілікті де көбірек көтереді деген ұстаным.
Түптеп келгенде, мәселе айыппұлдың немесе салықтың мөлшерінде емес. Ең маңыздысы – оның қоғамға бірдей әсер етуі. Егер әр азамат заң талаптарының өзіне теңдей жұмыс істейтініне сенсе, мемлекетке деген сенім де күшейеді.
Ал егер біреулер үшін ауыр жаза, ал екіншілер үшін болмашы шығын болып қала берсе, әділет туралы сұрақтар көбейе беретіні анық.
Сондықтан Қазақстан үшін басты міндет айыппұлды көбейту немесе салықты арттыру емес. Ең маңыздысы – заңның салмағы әр азаматқа бірдей сезілетін жүйе қалыптастыру. Өйткені құқықтық мемлекет айыппұлдың көптігімен емес, әділеттің үстемдігімен өлшенеді.
Алихан ҚЫСТАУБАЙТЕГІ,
журналист

