«Әділет» партиясы — деназарбаевизация ма, әлде жаңа билік партиясы ма?

Қазақстан Назарбаев дәуірінен үнсіз алыстап бара ма?

Қазақстанда Назарбаев дәуірінің саяси мұрасы бір күнде жойылған жоқ. Бұл процесс Қаңтар оқиғасынан кейін ашық басталды да, кейін біртіндеп мемлекеттік құрылымға, партия жүйесіне, саяси атаулар мен қоғамдық санаға сіңген белгілерді ығыстыруға ұласты.

Бірнеше күн бұрын «AMANAT» партиясының саяси кеңесі өтті. Бұқаралық ақпарат құралдарында тараған мәліметке қарағанда, алдағы уақытта «AMANAT» пен жаңадан құрылған «Әділет» партиясының бірігуі немесе партиялық жүйені қайта құру мәселесі қаралуы мүмкін.

Бір қарағанда, бұл қатардағы партиялық өзгеріс сияқты көрінеді. Бірақ кейінгі жылдардағы саяси шешімдерді бір арнаға жинап қарасақ, мұны Назарбаев дәуірінен арылу процесінің жалғасы ретінде бағалауға негіз бар.

Қаңтар оқиғасынан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметінен кетті. Көп ұзамай ол «Нұр Отан» партиясындағы төрағалық рөлінен де айырылды. Бұл сол кездегі саяси жүйенің ең маңызды екі тірегінің жаңа билікке өткенін көрсетті. Өйткені Назарбаев жылдар бойы қауіпсіздік саласы мен басты партия арқылы мемлекеттік басқарудың негізгі тетіктерін ұстап келді.

Кейін «Нұр Отан» атауы «AMANAT» болып өзгерді. Бұл жай ғана атау ауыстыру емес еді. Билік бұрынғы партияны Назарбаев есімімен, оның дәуірімен және «Елбасы» айналасында қалыптасқан саяси бейнемен байланыстырмайтын жаңа қалыпқа түсіргісі келді.

Бірақ атау өзгергенімен, партияның қоғамдық қабылдануы толық өзгеріп кетті деу қиын. Көпшіліктің санасында «AMANAT» әлі де бұрынғы «Нұр Отанның» жалғасы ретінде қабылданады. Себебі бұл партия ұзақ жылдар бойы биліктің негізгі саяси құралы болды. Оның тарихы, кадрлық құрамы, әкімшілік салмағы және қоғамдағы орны Назарбаев кезеңімен тығыз байланысты.

Сондықтан қазіргі жағдайда билікке ескі атауды жаңартудан гөрі, партиялық жүйенің өзін жаңа саяси шындыққа бейімдеу маңыздырақ болуы мүмкін. «Әділет» партиясының пайда болуы осы тұрғыдан назар аудартады.

Бұл партияның басшылығына Айбек Дәдебайдың келуі кездейсоқ шешім емес. Ол бұған дейін Президент Әкімшілігін басқарған. Мұндай деңгейдегі адамның жаңа партия тізгінін ұстауы және бұл жөніндегі ақпараттың ресми арналар арқылы тарауы «Әділеттің» қатардағы саяси жоба емес екенін аңғартады. Демек, бұл партия алдағы кезеңде билік ішіндегі жаңа саяси тірекке айналуы мүмкін.

Егер «AMANAT» пен «Әділет» төңірегіндегі әңгімелер расқа айналса, онда бұл Назарбаев дәуірінен арылудың партиялық деңгейге жеткенін білдіреді. Бұған дейін билік негізінен символдық және құқықтық белгілерді өзгертумен шектелді. Енді мәселе саяси жүйенің өзегіне жақындап отыр.

Соңғы жылдары мұндай өзгерістер аз болған жоқ. Елорда атауы Нұр-Сұлтаннан қайта Астанаға ауысты. Конституциядан Елбасы мәртебесіне қатысты баптар алынды. Тұңғыш Президент күні мемлекеттік мереке ретінде аталып өтпейтін болды. Назарбаевтың есімі берілген кейбір нысандар бұрынғы атауына оралды немесе жаңа атау алды. Оның ескерткіштері мен жеке тұлғасын ұлықтауға арналған белгілер біртіндеп қоғамдық кеңістіктен ығысты.

Бұл өзгерістердің әрқайсысын жеке алғанда, атау ауыстыру немесе құқықтық түзету деп қарауға болады. Бірақ бәрін бірге қарасақ, ортақ бағыт анық байқалады. Мемлекет Назарбаевтың жеке тұлғасына құрылған саяси рәміздерден алыстап барады.

Сыртқы саясат тілінде де осындай өзгеріс байқалады. Назарбаев дәуірінде «көпвекторлы саясат» деген ұғым Қазақстанның сыртқы саяси бағытын сипаттайтын басты тіркеске айналды. Кейінгі жылдары бұл сөз бұрынғыдай жиі айтылмайды. Оның орнына «теңгерімді», «сындарлы», «бейбіт» деген сипаттамалар көбірек қолданыла бастады.

Бұл сыртқы саясаттың түбегейлі өзгергенін білдірмейді. Қазақстан әлі де Ресей, Қытай, Батыс және түркі әлемі арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысады. Бірақ бұрынғы саяси тілден алыстау бар. Яғни мазмұн сақталғанымен, оны түсіндіретін атау мен саяси бейне өзгеріп жатыр.

Жаңа Конституция бұл процесті одан әрі тереңдетті. Қазақстан халқы Ассамблеясының бұрынғы саяси орны әлсіреді. Кезінде бұл ұйым Назарбаев дәуірінің басты идеологиялық құрылымдарының бірі саналды. Ассамблея арқылы этносаралық келісім үлгісі түсіндірілді, сонымен қатар ол парламенттік жүйеге де ықпал етті. Енді бұл құрылымның орнына Халық кеңесі сияқты жаңа тетік келмек.

Вице-президент лауазымының қайта енгізілуі де назар аударарлық. Қазақстан тарихында мұндай қызмет болған. Бірақ Назарбаев билігі кезінде ол жойылды. Оның қайта оралуы президенттік билік ішіндегі сабақтастық пен жауапкершілік жүйесін басқаша құруға ұмтылыс ретінде көрінеді.

Бір палаталы парламентке көшу де осы қатардағы ірі өзгерістің бірі. Бұрынғы қос палаталы жүйе Назарбаев кезеңінде қалыптасқан саяси тепе-теңдіктің бір бөлігі еді. Сенат билікке заң шығару процесін қосымша бақылауда ұстауға мүмкіндік берді. Ал енді бір палаталы парламентке көшу өкілді биліктің құрылымын жеңілдетіп қана қоймай, бұрынғы саяси үлгіден алыстаудың тағы бір белгісі болуы мүмкін.

Осының бәрі бір ғана нәрсені көрсетеді: Қазақстанда Назарбаев дәуірінен арылу ашық ұранмен емес, біртіндеп жүргізіліп жатыр. Бұл процесс кейде атау ауыстыру арқылы, кейде заң өзгерту арқылы, кейде жаңа саяси құрылым құру арқылы көрінеді.

Билік Назарбаевтың өзін тікелей жоққа шығарып отырған жоқ. Бірақ оның дәуірінде қалыптасқан саяси тіл, рәміздер, партиялық үлгі және басқару тетіктері жаңа кезеңге бейімделіп жатыр. Бұл — өткенді толық жоққа шығару емес, бұрынғы жүйенің саяси салмағын азайту.

Ендігі басты сұрақ — бұл өзгерістер шынайы саяси жаңаруға алып келе ме, әлде бұрынғы жүйенің атауы ғана өзгеріп, мазмұны сақтала ма?

Егер партиялық жүйеде «AMANAT» әлсіреп, «Әділет» жаңа негізгі саяси күшке айналса, бұл Назарбаев дәуірінен кейінгі билік құрылымының айқындала бастағанын білдіреді. Бірақ жаңа партияның шын мәнінде қандай рөл атқаратыны оның атауынан емес, саяси шешім қабылдау процесіндегі орнынан көрінеді.

Ұқсас ақпараттар