Турист таза әжетхана таппай жүр: кінәлі министрлік пе, әлде әкімдік пе?

Жыл сайын туристік маусым басталғанда жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайы сынға ұшырайды. Әлеуметтік желілерде суреттер жарияланып, жұртшылық наразылық білдіреді. Көп жағдайда сын Туризм және спорт министрлігіне бағытталады. Алайда мәселенің түп-төркіні әлдеқайда тереңде жатыр.

Ресми деректер бойынша, Қазақстанда жыл сайын ішкі туристер саны 10 миллион адамнан асады. Бірақ бұл көрсеткішке қарап елдегі туризм қарқынды дамып жатыр деген қорытынды жасау қиын. Себебі туристердің басым бөлігі Астана, Алматы, Бурабай немесе Шымбұлақ сияқты дайын инфрақұрылымы бар жерлерде демалады.

Ал осы таныс бағыттардан сәл алыстап, ел аймақтарына жол тартсаңыз, туризмнің жарнамалық суреттерден мүлде бөлек шындығына тап боласыз. Көптеген өңірлерде саяхатшы үшін ең қарапайым қажеттіліктің өзі шешілмеген. Әңгіме жол, қонақүй немесе ойын-сауық туралы емес. Әңгіме кәдімгі әжетхана туралы.

Жыл сайын туристік маусым басталғанда жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптардың жағдайы сынға ұшырайды. Әлеуметтік желілерде суреттер жарияланып, жұртшылық наразылық білдіреді. Көп жағдайда сын Туризм және спорт министрлігіне бағытталады. Алайда мәселенің түп-төркіні әлдеқайда тереңде жатыр.

Қазақстандағы туризмді басқару жүйесінде жауапкершілік бөлініп кеткен. Министрлік салалық саясатты қалыптастырады, заңнамалық және қаржылық тетіктерді әзірлейді. Бірақ өңірлердегі туризм басқармалары министрлікке емес, жергілікті әкімдіктерге бағынады. Соның салдарынан орталық пен өңір арасындағы байланыс әлсіреп, қарапайым инфрақұрылымдық мәселелердің өзі шешімін таппай келеді.

Қағаз жүзінде мәселені шешуге қажетті құралдар бар. Заң бойынша кәсіпкерлерге санитарлық-гигиеналық тораптарды талапқа сай ұстап отырғаны үшін ай сайын 83 300 теңге төленеді. Сонымен қатар жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын салған инвесторларға жұмсаған қаржысының 10 пайызын қайтару қарастырылған.

Бірақ бұл қолдау тетіктерінің нақты жұмыс істеуі әкімдіктерге байланысты. Әжетхана қай жерге орнатылады, оған жер телімі қалай бөлінеді, су мен жарық кім тартады, инвесторды кім табады, субсидия уақытында төлене ме — мұның бәрі жергілікті атқарушы органдардың міндеті.

Мәселенің қаншалықты өзекті екенін танымал туристік бағыттардың өзінен көруге болады.

Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалы мен Айрақты-Шоманай таулары бүгінде әлемдік деңгейдегі туристік нысандардың қатарына еніп келеді. Бұл жерлерге шетелдік фотографтар мен саяхатшылар жиі келеді. Алайда Ақтаудан шығып, жүздеген шақырым жол жүрген турист халықаралық талапқа сай бірде-бір санитарлық аялдама кездестірмейді. Тіпті танымал туристік орындардың өзінде әжетхана жоқ жағдайлар кездеседі. Соның салдарынан адамдар табиғат аясында амалсыздан дала жағдайын пайдалануға мәжбүр болады. Бұл әрі қолайсыздық туғызады, әрі табиғи ортаға зиянын тигізеді.

Осындай жағдайды Алакөл мен Балқаш жағалауынан да көруге болады. Жаз мезгілінде бұл өңірлерге жүздеген мың адам демалуға келеді. Демалыс орындарының аумағында жағдай жасалғанымен, жағажайлардың өзінде немесе балшықпен емделетін аймақтарға барар жолда қарапайым санитарлық торап табу қиын. Орнатылған биоәжетханалардың көбі уақытылы тазаланбайды. Соның салдарынан бірнеше күннен кейін оларды пайдалану мүмкін болмай қалады.

Мұндай мәселелердің ұзақ уақыт бойы шешілмеуінің басты себептерінің бірі – басқару жүйесіндегі жауапкершіліктің бөлінуі.

Облыстық туризм басқармалары Туризм және спорт министрлігіне тікелей бағынбайды. Олар облыс әкімдерінің құрылымына кіреді. Бюджеті де, жұмысының басымдықтары да жергілікті биліктің шешіміне тәуелді.

Сондықтан министрлік өңірлердегі басқармаларға нақты тапсырма бере алмайды. Тек ұсыным жасап, үйлестіру жұмыстарымен шектеледі. Ал әкімдіктер үшін туризм көп жағдайда бірінші кезектегі мәселе емес. Олар үшін жол жөндеу, коммуналдық шаруашылық немесе ауыл шаруашылығы маңыздырақ болып қала береді.

Нәтижесінде министрлік инфрақұрылымды жақсарту туралы талап қойғанымен, жергілікті деңгейде мәселе кейінге шегеріле береді. Кей жерде жер бөлінбейді, кей жерде қажетті коммуникация тартылмайды. Ал турист қиындыққа тап болған кезде сын әкімдікке емес, министрлікке бағытталады.

Бұл мәселе ресми есептер мен нақты жағдай арасындағы айырмашылықтан да көрінеді.

Өңірлердің есептерінде жаңа санитарлық тораптар орнатылғаны туралы мәліметтер жиі беріледі. Бірақ олардың бәрі жұмыс істеп тұрған жоқ. Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов биыл қаңтар айының соңында өткен Үкімет отырысында өңірлер 60 санитарлық-гигиеналық торап орнатылғаны туралы есеп бергенін, алайда кейінгі тексерулер кезінде олардың көпшілігі жабық болғанын және инженерлік желілерге қосылмағанын мәлімдеді.

Министрлік мониторингіне сәйкес, туристік бағыттарда әлі де жүздеген санитарлық торап жетіспейді. Ал бар нысандардың бір бөлігі толық қуатында жұмыс істемейді.

Мұның бірнеше объективті себебі де бар.

Біріншіден, көптеген туристік орындар орталықтандырылған инфрақұрылымнан алыс орналасқан. Баянауылдың шалғай бағыттары, Торғай даласы, Маңғыстау үстірттері немесе Алтай өңіріндегі табиғи орындарға су, кәріз және электр желілерін жеткізу оңай емес. Мұндай жерде заманауи санитарлық нысанды ұстап тұру кәсіпкер үшін қосымша шығынға айналады.

Екіншіден, қаржылық қолдау көлемі жеткіліксіз. Мемлекет төлейтін 83 300 теңге санитарлық тораптың барлық шығынын жабуға жетпейді. Бұл қаржы тазалық қызметкерінің жалақысын, кәріз жүйесін тазарту қызметін, электр мен суды, тіпті сабын мен әжетхана қағазы сияқты күнделікті шығындарды толық өтей алмайды. Қазіргі нарық жағдайында бұл мөлшерді қайта қарау қажеттігі анық байқалады.

Үшіншіден, маусымдық мәселе бар. Алакөл, Балқаш, Баянауыл немесе Имантау-Шалқар сияқты аймақтарда туристік кезең жылына екі-үш ай ғана жалғасады. Қалған уақытта нысандар бос тұрады. Бірақ оларды күтіп ұстауға кететін шығын тоқтамайды. Сондықтан мұндай жобалар көп кәсіпкер үшін тартымды емес.

Әлемнің көптеген елдері бұл мәселені басқаша шешіп отыр. Исландияда, Австралияда, тіпті көрші Моңғолияда шалғай туристік аймақтарда су мен кәріз жүйесін қажет етпейтін заманауи экологиялық технологиялар қолданылады. Күн энергиясымен жұмыс істейтін, қалдықтарды қайта өңдейтін жүйелер кең тараған.

Қазақстанда болса, көбіне қалалық үлгідегі күрделі нысандар орнатылып, кейін оларды сумен және басқа да қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселесі туындайды.

Шын мәнінде туризмді дамыту бесжұлдызды қонақүйлерден басталмайды. Туризм алдымен саяхатшының қарапайым қажеттілігін өтеуден басталады. Табиғаттың әсемдігін тамашалауға келген адам ең алдымен өзін жайлы сезінуі керек.

Аймақтардағы туризм әлі күнге дейін осы қарапайым мәселені толық шеше алмай отыр. Сондықтан қанша жерден жаңа стратегия қабылданып, жаңа жоспарлар жасалғанымен, турист үшін қызмет сапасы жол бойындағы әжетханадан басталады.

Бұл мәселе шешілмейінше, Астана мен Алматыдан тыс жатқан көптеген туристік бағыттар кең аудитория үшін емес, тек қиындыққа төзуге дайын саяхатшылардың бағыты болып қала береді.

Сафия Әділет

Ұқсас ақпараттар