«Астана» велокомандасы: ұлттық мақтаныш па, әлде қымбат бренд пе?

Қазақстанда «Астана» велокомандасы барын жұрттың бәрі біле бермейді. Қазіргі атауы – XDS Astana Team. Бұған таңғалудың да реті жоқ. Велосипед жарысы бізде көпшілік жаппай қызығатын спортқа айналған жоқ. Отандық телеарналар да мұндай жарыстарды тұрақты көрсетпейді. Сондықтан жұрт команданың қай жарысқа қатысып жүргенінен, құрамында кімдер барынан, велошабандоздарының қандай нәтиже көрсетіп жатқанынан көбіне бейхабар.

Мұның бір себебі – ел ішінде бұл спортқа қызығатындардың аздығы. Александр Винокуровтың 2012 жылы Олимпиада чемпионы атанғанын айтпағанда, кейінгі жылдары Қазақстаннан велосипед спорты бойынша Олимпиадада немесе әлем чемпионаттарында тұрақты жүлде алып жүрген спортшылар шыққан жоқ.

Тағы бір себеп – команда құрамының дені шетелдік велошабандоздардан тұрады. XDS Astana Team сапында 27 спортшы бар. Соның 11-і – Италия азаматы. Ал қазақстандық спортшылар небәрі үшеу. Олардың арасында бірде-бір қазақ велошабандозы жоқ. Сондықтан көпшілік бұл команданы Қазақстанның емес, Еуропадағы кәсіби клубтардың бірі сияқты қабылдайтын болуы мүмкін.

2007 жылы құрылған «Астана» велокомандасы алғашқы он жылда өз міндетін атқарды деуге болады. Әлемдік велосипед спортының жоғары деңгейінде өнер көрсетті, шетелде танылды, өз жанкүйерін жинады. Клуб 2017 жылға дейін жүздеген халықаралық жарысқа қатысып, «Тур де Франс», «Джиро д’Италия», «Вуэльта Испания» секілді беделді көпкүндік жарыстарда жеңіске жетті. Сол арқылы Қазақстанның атын әлемдік спорт ортасында танытуға үлес қосты.

Бірақ кейінгі жылдары команданың жеңісінен гөрі айналасындағы әңгіме көбейді. Қоғамда «Бұл команда Қазақстанға әлі керек пе?», «Шетелдік спортшыларды мемлекет қаржысына ұстап отыру дұрыс па?», «Клубты жабу керек емес пе?» деген сұрақтар жиі айтыла бастады. Жуырда шахматшы Бибісара Асаубаеваның жалақысына қатысты мәселе көтерілгенде де «Астана» велокомандасының мемлекетке қаншалықты қажет екені қайта сөз болды.

Бұл мәселені жиі көтеріп жүргендердің бірі – Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов. Оның айтуынша, қазіргі форматтағы «Астана» велокомандасының қазақстандық спортқа беріп отырған нақты пайдасы шамалы. Депутат мемлекет қаржысының басым бөлігі шетелдік велошабандоздарды ұстауға кетіп жатыр деп есептейді.

«Соңғы екі Олимпиададағы нәтижеге қараңыздар. Токио Олимпиадасында команда көшбасшысы 21-орын алса, Париж Олимпиадасында 51-орынмен шектелді. Тағы бір велошабандоз жарысты аяқтай алмады. Яғни нәтиже жақсарудың орнына төмендеп барады. Олар үшін Олимпиададағы нәтиже емес, команданы қаржыландыру маңыздырақ болып кеткен», – дейді депутат.

Мұрат Әбеновтің айтуынша, былтыр елде кәсіпқой спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруға жол бермейтін заң қабылданса да, XDS Astana Team әлі күнге дейін мемлекеттік құрылымдар арқылы ақша алып отыр.

Айта кетейік, былтыр жазда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Онда кәсіпқой спорт клубтарын мемлекет қаржысы есебінен ұстауға тыйым бар.

Соған қарамастан, биыл «Астана» велокомандасына шамамен 6 млрд теңге жұмсалмақ. Өткен жылы да осы шамада қаржы кеткен. Еуропалық дереккөздердің мәліметінше, клубтың титулдық демеушісі – Қытайдың XDS компаниясы да командаға осынша көлемде қаржы берген. Бұған қоса, қазақстандық бірнеше ірі компания демеушілік көрсетіп отыр. Шетелдік басылымдар осы деректерге сүйеніп, XDS Astana Team командасының 2026 жылғы жалпы бюджеті шамамен 22-25 млн АҚШ долларына жетуі мүмкін деп болжайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, кейінгі бес жылдың ішінде «Самұрық-Қазына» қоры XDS Astana Team велокомандасына 31,5 млрд теңге жұмсаған.

«Бізге ұзақ жылдар бойы «Астана» велокомандасы мемлекеттің имидждік жобасы деп айтылып келді. Алайда шын мәнінде бұл – жеке бизнес-жоба. Тек түсініксізі – неге оны «Самұрық-Қазына» қаржыландырады? Әлемнің көптеген елінде мұндай командалар велосипед, спорттық киім және спорттық тағам өндірушілер, банк секторының, демеушілердің есебінен ғана өмір сүреді. Ал бізде «Астана» велокомандасын 20 жылдан бері мемлекет қаржыландырып келеді. Осы уақыт ішінде жобаға шамамен 400 миллион еуро жұмсалған. Соған қарамастан команда негізінен шетелде өнер көрсетеді және жеке құрылым ретінде жұмыс істейді», – дейді Мұрат Әбенов.

Депутаттың сөзінше, команда спортшылармен қандай келісімшарт жасайтыны, спорттық жабдықтарды қалай сатып алатыны, қаржының қайда кетіп жатқаны ашық айтылмайды. Оның пікірінше, мұндай жабықтық мемлекет ақшасының жұмсалуына қатысты күмәнді күшейтеді.

Ал спорт журналисі Абылайхан Жұмаш қазіргі таңда Қазақстанға мұндай кәсіби велокоманданың қажеті жоқ деп есептейді. Ол қазіргі күйіндегі клубтың жабылуына да қарсы емес. Оның айтуынша, «Астана» велокомандасы өз міндетін әлдеқашан орындап қойған. Бірақ клуб шетелдік велошабандоздарға сүйенуді қойып, қазақстандық спортшыларды тәрбиелеп, оларды халықаралық жарыстарға шығаратын жүйеге айналса, онда оның жұмысын жалғастыруға болады.

«Астана» велокомандасы алғаш құрылған жылдары құрамын әлемнің ең мықты легионерлерімен жасақтап, Еуропада үлкен жетістіктерге жетті. 2008 жылы испаниялық әйгілі велошабандоз Альберто Контадор «Вуэльта Испания», «Джиро д’Италия» және «Тур де Франс» жарыстарында жеңіске жетіп, команданың беделін көтерді. Кейін италиялық Винченцо Нибали да осы жетістікті жалғастырып, «Астананы» әлемнің үздік клубтарының қатарына қосты. Бірақ осы спортшылар кеткеннен кейін команданың нәтижесі де төмендей бастады», – дейді ол.

Спорт журналисінің айтуынша, шетелдік спортшылар кейбір спорт түрлерін дамыту, ішкі бәсекені күшейту үшін керек болған кезеңдер бар. Қазақстанда бүгінде жақсы дамыған бірқатар спорттың қалыптасуына кезінде сырттан келген спортшылар да үлес қосқан.

«Ал қазір халықаралық жарыстарда жүлде алуға қауқарлы өз спортшыларымыз жеткілікті. Сондықтан бүгінгі күні легионерлерге бұрынғыдай қажеттілік жоқ. Егер клубтар легионерлерді қатарға қосқысы келсе, оған мемлекет қаржысын емес, жеке демеушілердің немесе өз қаражатын пайдалануы тиіс», – дейді ол.

Абылайхан Жұмаштың сөзінше, әр спорт түрінің дамуына ең алдымен сол саланың федерациясы жауап беруі керек. Ал мемлекет қаржысы бұқаралық спортқа, балалар спортына, спорт инфрақұрылымын жақсартуға және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын олимпиадалық спортшыларды дайындауға жұмсалғаны жөн.

Ернұр ҚОЖАГЕЛДІ

Ұқсас ақпараттар