Кейінгі бір апта қоғамда Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты мәселе қызу талқыланды. Әдеттегідей, қоғам пікірі екіге жарылды. Алайда Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Zakon.kz сайтына берген сұхбатында жағдайды жеке бақылауына алғанын және мәселенің жуық арада шешілетінін мәлімдеді.
«Михаил Шайдоров – ел мақтан тұтатын көрнекті спортшы, Олимпиада чемпионы. Оның жеңісі отандық мәнерлеп сырғанау спорты мен жалпы қазақстандық спорт тарихындағы айтулы оқиға болды.
Мұнда бір жайтты нақтылап өткен жөн: әңгіме бес ай бойы жалақы төленбегені туралы емес. 2026 жылдың ақпанына дейін Михаил алдыңғы олимпиадалық цикл аясындағы қолданыстағы келісімшарт бойынша жалақы алып келді. Олимпиададан кейін, ақпан айында аталған келісімшарттың мерзімі аяқталды.
Ал наурыз айынан бастап келесі олимпиадалық циклге арналған жаңа келісімшарт жасалуға тиіс еді. Бұл рәсім ұлттық құраманың барлық спортшысына ортақ. Бір дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін келесі циклге арналған жаңа келісімшарт рәсімделеді. Бұл – қалыптасқан тәжірибе. Министрлік пен Спортты дамыту дирекциясының бір ғана спортшы үшін шарттарды жеке өзгертуге құқығы жоқ.
Біз қолданыстағы заңнама аясында жұмыс істейміз, ал заң баршаға ортақ. Бұл мәселені өз бақылауыма алдым, жағдай жуық арада шешіледі», – деді Ербол Мырзабосынов.
Министрдің осы мәлімдемесінен кейін көп ұзамай министрлік тараптардың жаңа келісімшартқа қол қойғанын және мәселенің оң шешімін тапқанын хабарлады. Сондай-ақ Михаил Шайдоровтың жақын күндері жалақысын толық көлемде алып, алдағы маусымға дайындалу үшін АҚШ-қа аттанатыны айтылды. Осылайша, қоғамда кеңінен талқыланған мәселе министрдің түсінік беруімен шешімін тапты.
Дегенмен бұл жағдай отандық спорт саласындағы бірқатар жүйелі мәселелердің бетін ашып берді. Олимпиада чемпионының бір ғана мәлімдемесі спорт саласында әлі де шешімін толық таппаған кем дегенде үш түйткілдің бар екенін көрсетті.
Біріншісі – спортшы, жаттықтырушы, федерация және қаржыландыруға жауапты ұйымдар арасындағы коммуникацияның әлсіздігі. Екіншісі – спорттағы жалақы мен ынталандыру жүйесінің бірізді болмауы. Үшіншісі – чемпион спортшылардың қоғам алдындағы жауапкершілігі мәселесі.
Ең алдымен, бізге кәсіби спорттың табиғатын түсініп алған жөн. Үлкен спорт – медаль мен марапаттан бөлек, тұрақты дайындықты, қатаң тәртіпті, психологиялық қысымды және ұзақ жылдық еңбекті талап ететін сала. Олимпиада чемпионы атану – ондаған жылға созылған еңбектің жемісі. Сондықтан кәсіби спортшылардың әлеуметтік жағдайы, еңбекақысы мен келісімшарт мәселесі әрқашан өзекті.
Қазақстандағы олимпиадалық спорт жүйесінде спортшылардың жалақысы белгілі бір келісімшарт негізінде төленеді. Әр олимпиадалық цикл аяқталғаннан кейін жаңа келісімдер жасалып, спортшының нәтижесіне, рейтингіне және алдағы жоспарына қарай қаржылық шарттар қайта қаралады. Демек, мұндай мәселелердің қоғам алдында емес, кәсіби ортада талқылануы – қалыпты процесс.
Коммуникацияның әлсіздігі
Еңбекақы төленетін кез келген салада жалақыға қатысты мәселе туындауы мүмкін. Бұл спортқа ғана тән құбылыс емес. Бюджеттің бөлінуі, құжат рәсімдеудің кешігуі, келісімшарт талаптарының өзгеруі сияқты жағдайлар түрлі салада кездеседі. Мысалы, еліміздегі футбол клубтарында да қаржылық қиындықтар жиі айтылады. Кейде ойыншылар бірнеше ай бойы жалақы алмайтын жағдайлар да болған. Дегенмен мұндай мәселенің бәрі уақыт өте келе шешімі табылған. Шайдоровтың да мәселесі жуық арада шешіледі.
Дегенмен сарапшылар бұл мәселенің ушығып кетуіне спорт жүйесіндегі коммуникацияның әлсіздігі әсер еткенін алға тартады. Себебі мәселе қоғам алдында емес, кабинетте-ақ тараптардың пікір алмасуы арқылы шешілуі тиіс еді деп есептейді.
«Негізгі мәселе – спорт жүйесіндегі ашық коммуникацияның әлсіздігінде. Көп жағдайда ресми органдар түсіндіру жұмысын кеш бастайды. Салдарынан оның орнын әлеуметтік желідегі алыпқашпа әңгімелер мен эмоциялық пікірлер толтырады. Егер спортшы, федерация және министрлік арасында түсіндіру жұмысы дер кезінде әрі кәсіби деңгейде жүргізілсе, мұндай дау қоғамдық резонансқа айналмас еді», – дейді спорт сарапшысы Жанкелді Қаржан.
Жалпы, Михайл Шайдоровтың төңірегіндегі жағдай спорт саласындағы жүйелік мәселеден емес, түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігінен туындаған дау ретінде бағалуға болады. Дегенмен, бүгінде жауапты мекемелер мәселенің бақылауалғанын мәлімдеп отыр. Сондықтан бұл жағдайдың жақын арада оң шешімін тауып, спортшының алдағы жарыстарға дайындалуына кедергі келтірмейтіні маңызды. Ең бастысы, осы оқиғадан сабақ алып, спортшылар мен жауапты ұйымдар арасындағы байланыс тетіктері одан әрі жетілдірілуі қажет.
Спорттағы ынталандыру жүйесін қайта қарау қажет
Жасыратыны жоқ, Қазақстан Олимпиадада жүлде алған спортшылардан бөлек, үздік алтылыққа енген атлеттерге де қомақты қаржылай сыйақы төлейді. Бұл тәжірибе спортшылардың жетістігін бағалау мақсатында енгізілгенімен, оның тиімділігіне қатысты сұрақ көп.
Біріншіден, Олимпиада жүлдегерлері мен жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мемлекеттен жалақы, оқу-жаттығу жиындарына қаржы, стипендия және өзге де әлеуметтік қолдау алады. Сондықтан жүлде үшін тағы да ірі көлемде сыйақы беру бюджетке қаншалықты тиімді екенін талқылау қажет.
Екіншіден, қаржы жалпы спортты дамытуға бөлінетіні белгілі. Ал біз оның бір бөлігін жекелеген спортшыларды марапаттауға жұмсап жіберсек, бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға және өңірлердегі спорт инфрақұрылымын жаңартуға бөлінетін ресурс шектелуі ықтимал.
Үшіншіден, халықаралық тәжірибеде барлық ел Олимпиада жүлдегерлеріне жоғары көлемде сыйақы төлемейді. Көптеген мемлекет спортшыларды ұзақ мерзімді қолдауға, инфрақұрылымды дамытуға және таланттарды даярлау жүйесін жетілдіруге басымдық береді.
Спорт шолушысы Бек Төлеудің пікірінше, Олимпиада чемпиондарына ірі көлемде ақшалай сыйақы төлеу әлемнің барлық елінде қалыптаспаған.
«Мысалы, Ұлыбританияда Олимпиада чемпионы атанған спортшыларға мемлекеттен арнайы қаржылай сыйақы берілмейді. Норвегия, Швеция сияқты елдер де спорттағы жетістік үшін үлкен көлемде бонус төлеуге емес, спорт жүйесін дамытуға басымдық береді. Олар қаржыны балалар спортын қолдауға, заманауи инфрақұрылым салуға, бапкерлерді даярлауға және спорт ғылымын дамытуға жұмсайды», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл спортшылардың бір реттік нәтижесіне емес, елдегі спорт саласының ұзақ мерзімді дамуына негізделген.
«Әрине, Олимпиада чемпионының еңбегін бағалау қажет. Бірақ спорттағы басты мақсат жүлде алғаннан кейін сыйақы беру емес, сол чемпиондарды тәрбиелейтін жүйе құру болуы керек. Кейбір мемлекеттер дәл осы қағиданы ұстанады. Сондықтан олардың халықаралық аренадағы нәтижелері де тұрақты», – дейді Бек Төлеу.
Сондықтан алдағы уақытта спорттағы ынталандыру жүйесін қайта қарап, негізгі назарды бір реттік сыйақылардан гөрі спорт саласының тұрақты дамуына бағыттаған дұрыс. Бұл ұзақ мерзімде жоғары нәтижеге қол жеткізуге және спорттың барлық деңгейде дамуына мүмкіндік береді.
Чемпионның қоғам алдындағы жауапкершілігі
Қоғам чемпион спортшыларды жетістігінен бөлек, тұлғалық болмысы мен азаматтық ұстанымы үшін де құрметтейді. Сондықтан халықаралық аренада ел намысын қорғап жүрген әрбір спортшы өз сөзінің салмағын және оның қоғамға ықпалын сезінуі қажет.
Әрине, спортшылардың өзекті мәселелерді көтеруге, әділ бағалауды талап етуге толық құқығы бар. Алайда мұндай мәселені жария түрде айтпас бұрын оның қоғамда қалай қабылданатынын, қандай пікірталас туғызатынын және жастарға қандай үлгі болатынын ескерген жөн. Өйткені чемпионның сөзі қарапайым азаматтың пікірінен әлдеқайда кең аудиторияға жетеді.
Спорт журналисі, халықаралық жарыстардан ақпарат таратып жүрген Аслан Қаженов бұл жағдайды белгілі бір тараптар өз мүддесіне пайдаланып, отқа май құйғысы келуі мүмкін екенін айтады.
«Негізі отандық спортта төлемге қатысты проблемалар болып тұрады. Бұл – әлгіндей трагедия емес. Ал енді әлгі интригаларға қатысты. Неге екенін білмеймін, бізде біреулерді алып тастау және біреулерді әкелу үшін осындай қарбалас басталады. Бұндай шабуылдар әр Олимпиада сайын болады. Олимпиада емес, кейінгі төрт жылда төрт министрдің ауысқаны және төртеуі де өз командасымен келгені белгілі.
Мен нақты не ойластырылып жатқанын білмеймін. Ішкі ауызбіршілік болмаса, спортымыз кері кете береді. Әлгілер біреудің артына тығылып, бір-бірін атқылай бермей, бір уағдаға келуі керек. Бірлесе жұмыс жасағаны абзал. Онсыз да сыртта мысықтілеулер көп. Біздің әр жетістігімізді қызығып, әр жеңісіміздің жолын кескісі келетіндер бар. Ал, енді, біз осы кезде іштей қырық пышақ болып, мүмкіндік беріп қойсақ, жығылған үстіне жұдырық болады. Ашығы – осы. Барлық тарап өзінің жеке мүддесін емес, ел мүддесін жоғары қойса екен», – дейді Аслан Қаженов.
Бұл оқиғаны сырт елдер де бақылап отырғанын ұмытпаған абзал. Тіпті кейбір көрші елдердің жанкүйерлері мен журналистері Шайдоровты өзелдерінің атынан өнер көрсетуге шақырғандай пікір білдірді. Мәселен, ресейлік «Чемпионат» басылымының журналисі Анастасия Рацкевич Мхаил Шайдоровтың мансабын тыныш жалғастыруы керек екенін айта келе, мәселе шешілмесе, оны қолдауға дайын елдер барын меңзеген.
Осындай алып-қашпа әңгіме мен түсініспеушілік туындамас үшін кей мәселелерді жария мәлімдемеге жеткізбей-ақ, кәсіби ортада шешкен дұрыс. Әсіресе ел намысын қорғап жүрген чемпиондардың сөзі мен әрекеті тек жеке мәселемен шектелмей, тұтас қоғамға әсер ететінін ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, Михаил Шайдоровтың айналасындағы жағдай бір спортшының жалақысына қатысты дау емес, отандық спорт жүйесіндегі бірнеше түйткілді көрсетті. Бір жағынан, спорт ұйымдары мен спортшылар арасындағы коммуникацияны күшейту қажеттігі байқалса, екінші жағынан, ынталандыру мен қаржыландыру тетіктерін қайта қарау мәселесі күн тәртібіне шықты. Сонымен бірге чемпион спортшылардың қоғам алдындағы жауапкершілігі қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қазіргі әлеуметтік желі дәуірінде айтылған әр сөз қоғамдық пікірге әсер етеді. Сондықтан кез келген мәселені қоғамға жарияламас бұрын, оның салдарын таразылап, алдымен кәсіби деңгейде шешуге ұмтылған жөн.
Ернұр Қожагелді


