Берлин ратушасына ту тіккен Кенжебай Мәденовке «Халық қаһарманы» атағы берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» атағы берілді деп хабарлайды sayasatlive.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Ұлы Отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) «Халық қаһарманы» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды — делінген хабарламада.

Кенжебай Мәденов 1925 жыл 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысы, Ақтайсай ауылында туған. Екінші дүниежүзілік соғыста «Берлин» операциясына қатысып, фашистердің маңызды ордасы саналған Ратушаға бірінші болып өз взводын бастап кірген қаһарман. Ол Ратушаның төбесіне Жеңіс туын қадап, жау ордасын тазартуда ерен ерлік көрсеткен. Тарихи деректер мен академик М. Қозыбаевтың зерттеулері батырдың осы ерлігін толық растайды.

Халық қаһарманы — атақты Махамбет Өтемісұлының ұрпағы. Ол 1943 жылы 18 жасқа толмай жатып майданға аттанып, Украинаны, Молдавияны, Польшаны азат етуге қатысқан. Соғыстан кейін де мемлекеттік қауіпсіздік органдарында қызмет етіп, подполковник шеніне дейін көтерілген. 1974 жылы Атырау қаласында дүниеден өткен.

Айта кетейік, Кенжебай Мәденов бұған дейін екі «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірқатар жауынгерлік медальдармен марапатталған болатын. Ел Президентінің биылғы Жарлығы батырдың соғыс жылдарындағы өшпес ерлігіне берілген лайықты әрі әділ баға болды.

Ұқсас ақпараттар