Футболдан Қазақстан құрамасына қандай бас бапкер қажет?

Отандық футбол жанкүйерлері бір айдан бері Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері кім болады деген сауал төңірегінде түрлі пікірталас жүргізіп жатыр. Әлеуметтік желілерде де, сарапшылар арасында да бұл тақырып қызу талқыланып жатыр.

Бірі тәжірибелі еуропалық маманды шақыруды жөн көрсе, енді бірі тағы да отандық жаттықтырушыға мүмкіндік беру керек деп санайды. Ал үшінші тарап бапкер таңдауда ұлтқа, елге немесе есімге емес, құраманы жаңа жетістікке, әлем және Еуропа чемпионаттарының финалдық кезеңіне жетелей алатын нақты жоспары бар тәжірибелі маман қажет деп есептейді.

Кейінгі он жылда Қазақстан құрамасы бірнеше бапкермен жұмыс істеді. Әр маман өз философиясын енгізуге тырысты. Бір жылдары қорғанысқа негізделген футбол ойнадық, енді бірде жылдам қарсы шабуылға сенім артылды. Кейбірі тәжірибелі ойыншыларға иек артса, басқалары жас футболшыларға мүмкіндік беруге тырысты. Бірақ ұлттық құрама ойынында айтарлықтай алға ілгерілеушілік байқалған жоқ. Футболда бір қағида бар: кездейсоқ жеңіс болады, бірақ кездейсоқ тұрақты нәтиже болмайды. Қазақстанға дәл осы тұрақтылық жетіспейді.

Сондықтан бас бапкерді таңдау ұлттық құраманың алдағы бағытын айқындайтын стратегиялық қадам ретінде қарастырылуы керек. Яғни, алдымен құрамаға нақты стратегия әзірленіп, сол жоспарды жүзеге асыра алатын маман таңдалуы тиіс. Әйтпесе, жыл сайын немесе екі жыл сайын бапкер ауыстыра берсек, жақын арада ешбір ірі турнирге шыға алмайтынымыз анық.

Мәселен, 1992 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасын 23 бапкер жаттықтырған. Олардың ішінде Владимир Фомичёв (2000 жыл), Бауыржан Баймұхамедов (1994), Сергей Гороховодацкий (1998) және Андрей Карпович (2022) ең аз уақыт қызмет етті. Алғашқысы ұлттық құрамада бір ғана матчта жұмыс істесе, кейінгілері де ұзаққа барған жоқ. С.Гороховодацкий 12 күн, А.Карпович 20 күн бас құрамада еңбек етті.

Ал Еуропа құрамаларында жағдай мүлде бөлек. Франция құрамасын 2012 жылдан бері бір ғана бапкер – Дидье Дешам жаттықтырып келеді. Осы уақыт аралығында ол Франциямен бірге Еуропа чемпионатының (2016) күміс жүлдесін, әлем чемпионатының (2018) алтын медалін жеңіп алды. 2022 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Ал Италияға араға 52 жыл салып Еуропа чемпионы атағын алып берген Роберто Манчини құраманы бес жыл жаттықтырды.

Соңғы 30 жылда Англия құрамасын – 14, Бельгияны – 12, Нидерландты – 17, Чехияны – 15, Португалияны – 14, Германияны – 7 бапкер жаттықтырған. Енді мына қызықты қараңыз: бір ғана Йоахим Лев Германия ұлттық құрамасында тұтас 15 жыл (2006-2021 жылдар аралығы) жұмыс істеген. Әлемнің жетекші құрамалары бас бапкерін кемінде бес-алты жылдан кейін ғана ауыстыратын болса, Қазақстан ұлттық құрамасы кейінгі 15 жылдың ішінде бақандай тоғыз бапкер алмастырды. Яғни, біздің құрамада жыл сайын дерлік жаттықтырушы өзгеріп отырады. Ал мұндай тұрақсыздықтан нәтиже жақсарған емес.

Қазақ футболында бір үрдіс қалыптасқан. Құрама бірнеше матчта жеңілсе, бапкер ауысады. Жаңа маман келеді. Біраз уақыттан кейін бәрі қайта қайталанады. Бұл цикл бірнеше рет өтті.

Бірақ футбол сарапшылары мәселенің бір ғана адамда емес екенін әлдеқашан айтып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанға қысқа мерзімді нәтиже үшін жұмыс істейтін маман емес, футболдың архитекторы қажет. Мұндай бапкер ұлттық құрамамен шектелмей, жастар құрамаларының ойын стиліне, селекцияға, аналитикалық бөлімнің дамуына және ойыншыларды даярлау жүйесіне ықпал етуі тиіс.

Еуропада мұндай тәсіл қалыпты құбылыс. Мәселен, Германия 2000 жылғы Еуропа чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін бүкіл балалар футболын қайта құрды. Нәтижесінде он жылдан кейін әлем чемпионы атанды. Испания да дәл осындай жолдан өтті. Қазақстанның да ұзақ мерзімді жобасы болуға тиіс.

Енді дәл осы жерде «Қазақстан ұлттық құрамасына қандай бапкер керек?» деген заңды сауал туындайды. Осы сұрақ төңірегінде футбол сарапшысы, комментатор Ербол Қайыров өз ойын былай білдірген еді:

«Маған жанкүйерлер жиі хабарласып, ұлттық құраманың бапкерін ауыстыру керек пе деп сұрап жатады. Жалпы, ұлттық құрамада жұмыс істеу оңай шаруа емес. Сондықтан бізге жаңа бапкер керек болса, бірнеше құрамада жұмыс істеген, жоғары нәтижеге жеткен маманды ғана шақыру керек.

Мәселен, босниялық Вахид Халилходжичті алайық. Ол төрт ұлттық құраманы (Кот-д’Ивуар, Алжир, Жапония және Марокко) әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығарды.

Сондай-ақ 2000 жылы Словенияны Еуропа чемпионатына алып шыққан, Өзбекстанның биылғы әлем біріншілігіне қатысуына зор үлес қосқан Сречко Катанец және словакиялық Владимир Вайссты шақыруға болады.

Ал қазір осындай мықты мамандарды таба аламыз ба? Бұл – қиын, әрине. Бірақ басшылар дұрыс шешімін табады деген ойдамын», – дейді Е.Қайыров.

Сарапшының айтуынша, бас бапкер бүкіл жүйенің дамуына ықпал етуі қажет. Жастарға сенуі, заманауи футбол талаптарын меңгеруі, аналитика мен ғылымға сүйенуі және қысқа мерзімді табыс үшін ұзақ мерзімді мақсаттардан бас тартпауы маңызды.

«Егер Қазақстан тағы да тек танымал есімге қызығып, жүйені екінші орынға қойса, бірнеше жылдан кейін дәл осы сұрақ қайта көтеріледі. Ал егер бұл жолы дұрыс таңдау жасалып, бас бапкерге нақты стратегия мен тұрақты қолдау көрсетілсе, ұлттық құраманың нәтижесі де біртіндеп өзгере бастайды. Өйткені қазіргі футболдағы ең құнды ресурс – ақша емес, дұрыс құрылған жүйе. Қазақстан футболының болашағы да дәл осы жүйені қалыптастыра алатын бас бапкердің қолында болуы мүмкін», – дейді сарапшы.

Ал футбол комментаторы Ермұхамед Мәулен өзінің Telegram-арнасында әзірге Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері кім болатынын білмейтінін, бірақ бірнеше үміткер бар екенін жазады.

«Шамасы, құрамаға шетелдік маман келетін сияқты. Өйткені Қазақстанда құрама тізгінін ұстайтын бапкерлерден кім бар? Әзірге ешкім жоқ.

Бір анығы – тізгінді шетелдік жаттықтырушыға береді. Қазір ұлттық құраманың бас бапкері атануы мүмкін алты маманның аты аталып жатыр. Олар: финляндиялық Маркку Канерва, германиялық Роджер Шмидт, марокколық Валид Реграги, португалиялық Паулу Бенту, Владимир Петкович (Алжир құрамасының бас бапкері) және франциялық Себастьян Десабр (ДР Конго құрамасының бас бапкері).

Алты үміткердің ішінде Валид Реграги, Роджер Шмидт және Маркку Канерваның мүмкіндігі жоғары. Үшеуімен де келіссөздер болғанға ұқсайды», – дейді Е.Мәулен.

Жуырда Қазақстан футбол федерациясының Техникалық даму комитеті Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкеріне қойылатын талаптарды бекітті. Үміткерге қойылатын негізгі талаптар:

  • Қысым жағдайында жұмыс тәжірибесі: қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиындары, жоғары жауапкершілік және ресми матчтар жағдайында тиімді жұмыс істей білу.
  • Тактикалық икемділік: ойын үлгісі мен матч жоспарын қарсыласқа, ойын барысына, құрамдағы өзгерістерге және кездесудің ағымына қарай жедел бейімдей алу.
  • Көшбасшылық және коммуникация: талапшыл, бірақ құрметке негізделген басқару стилі, қиын жағдайларда сабыр сақтай білу және команда мүддесін медиа кеңістікте тиімді қорғай алу.
  • Көпсалалы бапкерлер штабы: талдаушыларды, дене даярлығы жаттықтырушыларын және қақпашылар бапкерін қамтитын мамандар тобын қалыптастыра білу.

Аталған құжат ҚФФ басшылығына жолданып, түпкілікті шешім қабылдау барысында Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінің қарауына ұсынылады.

Егер Ермұхамед Мәулен атаған футбол жаттықтырушылардан кімде-кім кейбір талаптарға сәйкес келмесе, Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстаудан үмітін үзе берсе болады.

Ернұр Қожагелді

Ұқсас ақпараттар