Павлодар облысында қоныс аударушылар есебінен 144 миллион теңге жымқырғандар сотталды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сот дерегінше, Успен ауданындағы «карьерлік орталық» қызметкерлері үй сатып алуға арналған төлемді заңсыз иемдену схемасын жасаған. Олар көшіп келген азаматтарға үйді арзанға сатып алып, құжатта құнын екі есе асырып көрсетуді тапсырған. Ал артық төлем сомасын өздеріне қайтартып отырған. Осылайша, мемлекет бөлген қаржының бір бөлігі алаяқтар қолына түскен. Жалпы шығын – 144 миллион теңге.
Сот үкімімен бір айыпталушы 5 жылға бас бостандығынан айырылды, екіншісіне 3 жыл шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.