Астана мен қала маңындағы тұрғындарға сапарларын мұқият жоспарлау қажет: елорданың және Қосшы қаласының түрлі аудандарындағы жол жөндеу жұмыстарына байланысты бірнеше автобус бағдарының қозғалыс схемасы уақытша өзгерді, деп Sayasatlive.kz CTS-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мәселен, Қосшыдағы Республика көшесіндегі жөндеуге байланысты №302 автобус бағдары уақытша өзгертілді. Осы себепті №303, №320 және №323 бағдарларының қозғалыс схемаларына түзетулер енгізілді. Сондай-ақ, Ақжол даңғылы ауданындағы жол жұмыстары №64 бағдарының қозғалысына әсер етті, ал Қабанбай батыр даңғылы ауданындағы жөндеу №21 автобусының қозғалыс схемасының уақытша өзгеруіне себеп болды.
Бұдан басқа, Абай даңғылындағы жөндеуге байланысты №14 бағдары уақытша өзгертілді. Тағы бір өзгеріс Астана — Қарағанды тас жолындағы «Интернациональный» тұрғын алабы» аялдама пунктіне қатысты. Кіреберістің жабылуына байланысты автобустар бұл аялдамада жолаушыларды уақытша отырғызуды және түсіруді жүзеге асырмайды.
Өзгерістер Тұран даңғылында жолаушыларды отырғызуды ұйымдастыруға да әсер етті. Бұқар жырау көшесі бағытындағы («Орынбор» көшесі жағынан) «The Square» БО және «Барыс Арена» аялдамаларында №№ 26, 40, 42, 67, 501 автобустары енді аялдама қалтасына кірмейді. Енді жолаушыларды отырғызу және түсіру тікелей жолдың шетінде жүзеге асырылады.

