Шымкентте «Капитал» деп аталатын қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу мәліметінше, күдікті 900-ден астам азаматты алдап, олардың ақшасын заңсыз жолмен жинаған, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.
Ол әлеуметтік желілер арқылы жарнама жасап, тұрғындарды тез табыс табуға үгіттеген. Азаматтардан 20 мыңнан бастап 500 мың теңгеге дейін қаражат қабылдап отырған.
Күдікті салымшыларға өте қысқа мерзімде, яғни 3–5 күн ішінде салымның 30–50 пайызы көлемінде жоғары пайда уәде еткен. Алайда бұл уәделердің ешқайсысы ресми құжатпен бекітілмеген, нақты келісімшарт жасалмаған.
Тергеу барысында анықталғандай, бұрынғы салымшыларға төлемдер жаңа қатысушылардан түскен қаражат есебінен ғана жүзеге асырылып отырған, яғни классикалық қаржы пирамидасының схемасы қолданылған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, азаматтардан жиналған жалпы қаражат көлемі 700 миллион теңгеден асып кеткен.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

