Әуе билеті неге арзандамай жатыр? Үкімет жеңілдікті тоқтатуы мүмкін

Қазақстанда әуе тасымалының қымбаттауы Үкіметтегі талқылаудың басты тақырыптарының біріне айналды. Осыған байланысты авиакомпанияларға берілген салықтық жеңілдіктерді қайта қарау мәселесі көтерілді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz порталы.

Бұған дейін мемлекет әуе компанияларын авиаотынға салынатын қосылған құн салығынан босатқан еді. Бұл қадам билет бағасын арзандатуға бағытталған болатын. Алайда Мәжіліс депутаттарының айтуынша, күткен нәтиже байқалмаған.

Депутат Бақытжан Базарбек жеңілдіктердің халыққа пайдасы тимегенін айтып, компаниялар үнемделген қаржыны тарифті төмендетуге емес, өзге шығындарға жұмсағанын мәлімдеді. Оның сөзінше, билет құнының басым бөлігін авиаотын бағасы құрайды, сондықтан салықтық жеңілдік билет бағасына әсер етуі керек еді.

Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амриннің айтуынша, қазіргі таңда бұл мәселе жан-жақты талданып жатыр. Нәтижесінде Үкімет салықтық жеңілдікті сақтап қалу немесе оны алып тастау жөнінде шешім қабылдауы мүмкін.

Ұқсас ақпараттар