Тұңғыш Бас мүфти Ратбек қажы Нысанбайұлы дүниеден озды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) негізін қалаушы, еліміздің тұңғыш Бас мүфтиі Ратбек қажы Нысанбайұлы өмірден озды деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Бұл – еліміздің рухани саласы үшін ауыр қайғы. Ратбек қажы Нысанбайұлы – қазақ даласындағы діни институттың дербестігін қалыптастырған тарихи тұлға.

Тарихи еңбегі

1990 жылға дейін Қазақстан мұсылмандары Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына (орталығы Ташкентте болған) бағынатын. Дәл осы жылы Ратбек қажы Нысанбайұлының бастамасымен Қазақстан қазияты бөлініп шығып, жеке шаңырақ – тәуелсіз Муфтият құрылды.

Ол 1990–2000 жылдары осы жаңа құрылымды басқарып, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Бас мүфтиі қызметін абыроймен атқарды.

Рухани мұрасы

1940 жылы Түркістан өңірінде дүниеге келген дін қайраткері саналы ғұмырын ислам құндылықтарын насихаттауға арнады. Оның тікелей атсалысуымен Құран Кәрім қазақ тіліне аударылып, халыққа жол тартты. Сонымен қатар ол бірнеше діни-танымдық кітаптың авторы атанды.

Ерен еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2020 жылы 80 жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ратбек қажы Нысанбайұлы «Парасат» орденімен марапатталған болатын.

Ұқсас ақпараттар