АҚШ 2026 жылы қазақстандықтар үшін визасыз режим енгізуі мүмкін

Cенімді инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, Вашингтон мен Астана арасындағы жабық есік жағдайындағы келіссөздер өз мәресіне таяп қалды. 2026 жылдан бастап АҚШ Қазақстан азаматтары үшін визасыз режим енгізу мәселесін қарастырып жатыр деп хабарлайды SayasatLive.kz.

Дереккөздің хабарлауынша, бұл шешім Ақ үйдің Орталық Азиядағы геосаяси ықпалын күшейту және Қазақстанмен стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеру жоспарының бір бөлігі.

АҚШ тарапының виза мәселесіне қайта оралуына бірнеше фактор әсер еткен. Соның ішінде Қазақстанның сыртқы саясаттағы соңғы маңызды қадамдары да бар.

Мәселен, жуырда ғана Қазақстанның Таяу Шығыстағы бейбітшілік процесін көздейтін «Ыбырайым келісіміне» (Abraham Accords) қосылатыны туралы ресми мәлімдеме жасауы да екіжақты сенімді нығайта түскен маңызды оқиғалардың қатарында аталуда.

Күтіліп отырған өзгерістерге сай, Қазақстан АҚШ-тың беделді «Visa Waiver Program» (Визадан босату) бағдарламасына үміткер елдердің тізіміне енуі мүмкін. Егер келісім бекітілсе:

  • Қазақстан азаматтары АҚШ аумағында 30 күнге дейін визасыз жүре алады;

  • Сапар мақсаты тек туризм немесе іскерлік кездесулер болуы шарт;

  • Визаның орнына ESTA электронды жүйесі арқылы жеңілдетілген тіркеуден өту жеткілікті болады.

«Саяси ерік бар, бірақ техникалық мәселелер шешілуде»

Атын атамауды өтінген дипломатиялық корпустағы дереккөздің айтуынша, қазір тараптар визадан бас тарту (отказ) пайызын төмендету және қауіпсіздік деректерімен алмасу механизмдерін пысықтап жатыр.

«Бұл – саяси шешім. АҚШ тарапы Қазақстанды аймақтағы басты сенімді серіктесі ретінде көреді және 2026 жылы, яғни АҚШ Тәуелсіздігінің 250 жылдығы қарсаңында осындай сый жасауға мүдделі», – дейді инсайдер.

Әзірге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен АҚШ елшілігі бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Дегенмен, дипломатиялық кулуарлардағы әңгімелер жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын аңғартқандай.

Ұқсас ақпараттар