Астана тұрғынының пәтерінен 2 мыңнан астам есірткі орамасы табылды. Полицейлер Астанада есірткі сататын интернет-дүкеннің қоймасы болуы мүмкін деген орынды анықтады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Елордалық полиция департаментінің хабарлауынша, 33 жастағы күдіктінің пәтерінен 2 мыңнан астам тыйым салынған зат орамасы табылды. Ер адам есірткі сақтады және таратты деген күдікпен ұсталды. Жеке тексеріп қарау кезінде оның бел сөмкесінен сұр-жасыл түсті, өсімдік тектес және өзіне тән иісі бар зат орамалары табылды. Сараптама бұл марихуана екенін анықтады.
«Күдіктінің пәтерін тінту кезінде түрлі түсті изолентамен оралған 2 мыңнан астам осындай зат орамасы табылды. Сонымен қатар, сараптама нәтижелері бойынша гашиш майы болып табылатын сұйықтық салынған ыдыстар тәркіленді. Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы екі килограмнан асты», — деп хабарлады Астана қаласының ПД.
Полицияның мәліметінше, ұсталған адам мессенджерлер арқылы тыйым салынған заттарды таратқан интернет-дүкеннің «қоймасы» қызметін атқарған. Медициналық куәландыру кезінде ер адамның есірткі қолданғаны да анықталды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір полицейлер есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар басқа адамдарды анықтап жатыр. Астана қаласының ПД тыйым салынған заттарды сақтау, өткізу және тарату қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.


