Петропавлда дәрігерлер еттартқышқа қолы түскен 21 жастағы ер адамға ота жасады. Жедел медициналық жәрдем көпбейінді қалалық ауруханасының хабарлауынша, дәрігерлер саусақтардың аман қалған бөліктерін сақтап, білекті қалпына келтіру үшін жағдай жасады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Жас жігіт ауыр халде травмпунктке жеткізілді. Оқиға салдарынан ол саусақтарының бір бөлігінен айырылды, сондай-ақ оң білегінің сүйектері, сіңірлері мен жұмсақ тіндері зақымданды. Пациент шұғыл түрде травматология бөлімшесіне жатқызылды. Хирургиялық бригаданың басты міндеті – саусақтардың зақымдалмаған бөліктерін сақтап қалу және білектің жұмысын барынша қалпына келтіру болды.
«Ота кезінде травматологтар зақымдалған сүйектерді металл конструкциялардың көмегімен бекітті, жараларды өңдеді және жыртылған сіңірлерді қалпына келтірді. Жарақаттың ауырлығына қарамастан, мамандар саусақтардың қалған бөліктерін сақтап қала алды», — деді ауруханада.
Хирургиялық араласудан кейін ер адам стационарда емделуін жалғастырды. Ол барлығы 16 күн ауруханада болды. Алда пациентті зақымдалған білектің функциясын қалпына келтіру күтіп тұр.


