Бүгін жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Оған ғимарат қасбетінің сынықтары құлаған болатын, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Онда «Астанатехнадзор» сарапшысы Дмитрий Воробьев өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, құлауға себеп болған негізгі жағдай – объектінің сапасыз салынуы. Басқа факторлар қатарында ол ғимараттың қабат санының ұлғаюын және байланыстырудың болмауын атады.
«Байланыстыру негізгі қалаудың тірек қабатында да, қаптамада да бұзылған. Тиісінше, бұл процесс ұзақ уақытқа созылды. Екінші маңызды мәселе – толыққанды байланыстырудың болмауы. Нәтижесінде, ішкі тірек қабатымен толық байланыспаған, еркін тұрған биік, тік қаптама қабырға пайда болады», — деді «Астана-Технадзор» ЖШС сараптама бөлімінің басшысы Дмитрий Воробьев.
Спикердің айтуынша, пайда болған жарықтар мен ақаулар құлағанға дейін де көрінген. Бұл 2017 жылғы техникалық сараптамамен расталады. Мердігерлік ұйым мен тұрғындарға ақауларды анықтау үшін мамандарға жүгіну қажет болған, деп қосты сарапшы. Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қараша айында Астанада тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған болатын. Салдарынан бес адам зардап шекті. Ең ауыр жарақат алған науқас жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан болды.
Медқызметкер зардап шеккендерге жүгіріп барғанда, оның үстіне кірпіштер мен кондиционердің бекіткіші құлаған. Бірнеше күннен кейін ол ауруханада қайтыс болды. Кейін полиция қылмыстық іс қозғады. Астананы бюджет есебінен қайта бояу туралы шешім қабылданды.

