Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кацтың айтуынша, егер АҚШ келісім берсе, Израиль соғыстан қираған Газа аумағынан тұрғындардың кетуіне жәрдемдесуге дайын, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Кацтың сөзінше, халықты көшірмей Газа секторы мәселесіне «нақты шешім» табу мүмкін емес. АҚШ президенті Дональд Трамптың Газаның екі миллионға жуық тұрғынын Мысыр мен Иордания сияқты елдерге көшіру туралы ұсынысы жайында айта келіп, министр америкалық көшбасшының бұл идеядан бас тартпағанын, тек араб мемлекеттері тарапынан болған қысымға байланысты оны іске асыруды тоқтата тұрғанын айтты.
«Трамп өз идеясынан бас тартқан жоқ, ол оны тек тоқтата тұрды», — деді Кац.
Оның айтуынша, бұл жоспар күн тәртібінен алынған жоқ және осы шақта да талқыланып жатыр. Бұл ретте, Женева конвенцияларына сәйкес, оккупацияланған аумақтан бейбіт тұрғындарды мәжбүрлеп орын ауыстыруға тыйым салынады және бұл әскери қылмыс болып саналады. Палестина көшбасшылары мен көрші араб елдері (Мысыр, Иордания) қоныс аудару жөніндегі кез келген жоспарға үзілді-кесілді қарсы шығып, оларды Палестина мәселесін түпкілікті жою әрекеті ретінде бағалайды.


