Қырғызстан астанасы Бішкекте өткен ШЫҰ мерейтойлық басқосуы аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинмен кездесті, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Сұхбаттасушылар Қазақстан мен Ресейдің достық, тату көршілік және одақтастық рухында ілгерілей дамып келе жатқан көпқырлы ынтымақтастығының қарқынды сипатын атап өтті. Владимир Путин Мемлекет басшысын Құрылтайға сайлауды табысты өткізуімен құттықтап, оның нәтижелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі дамытуға, ішкі саяси тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған стратегиялық бағытын кеңінен қолдайтынын растағанын атап өтті.
Қазақстан президенті Ресей лидеріне құттықтауы үшін алғыс білдіріп, конституциялық реформа аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.
«Қазақстанды жаңғырту процесі ұлттық мүдделерге сәйкес жалғасады. Реформаларды реформа үшін ешбір жағдайда жүргізуге болмайды, мұны біз жақсы түсінеміз. Ең алдымен, біз азаматтарымыздың мүдделерінен шығуымыз керек. Екіжақты ынтымақтастыққа келетін болсақ, осы жылдың мамыр айында Астанаға жасаған мемлекеттік сапарыңыз толықтай сәтті аяқталды деп есептеймін. Өзінің сипаты мен мәні бойынша ол тарихи болды. Қазір Үкімет қол қойылған барлық келісімдерді іске асырумен айналысуда. Сіз сауданың қарқынды дамып келе жатқанын дұрыс атап өттіңіз. Өткен жылмен салыстырғанда өсім бар. Ресей біздің негізгі инвестициялық және сауда әріптесіміз болып қала береді деп ойлаймын. Бұл процесті мен жан-жақты қолдаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Владимир Путин екіжақты қарым-қатынастардың іс жүзінде барлық бағыттар бойынша қарқынды дамуын жоғары бағалады.
«Өткен жылы бізде тауар айналымының жақсы көрсеткіштері болды, ал биыл ол одан әрі өсті. Біз кең ауқымды мәселелер бойынша жұмыс істейміз. Біздің күн тәртібімізде ірі жобалар да, ағымдағы мәселелер де бар. Үкіметаралық комиссия белсенді жұмыс істейді, біз әріптестерімізге осы белсенділігі үшін, сізбен барлық келісімдерімізді орындағаны үшін алғыс айтуымыз керек. Әсіресе гуманитарлық саладағы байланыстардың дамуы қуантады. Ресей жоғары оқу орындарында Қазақстаннан 60 мың студент білім алуда. Жақында Омбыда қазақстандық жетекші жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Бізде іс жүзінде барлық мәселелер бойынша екіжақты қозғалыс бар. Бүгін осы кешен бойынша сөйлесуге мүмкіндік бар», — деді Ресей президенті.
Мемлекет басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ өзара мүдде тудыратын салаларда бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Сондай-ақ халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.

