Түркістан облысында Сырдарияға екі ағайынды батып кетті

Түркістан облысында Сырдария өзеніне екі ағайынды батып кетті. Ер адамдарды іздеу бірнеше тәулікке созылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

Қайғылы оқиға 22 тамызда Сауран ауданына қарасты Ұшқайық ауылдық округі аумағында болған. 1998 және 2002 жылғы ағайындылар өзен жағасында демалып, шомылуға тыйым салынған жерде суға түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, 24 жастағы ер адам қатты ағысқа түсіп, суға бата бастаған. Оның 28 жастағы ағасы көмекке ұмтылған, алайда екеуі де судан шыға алмаған.

Іздеу жұмыстарына 90-ға жуық адам жұмылдырылды: Түркістан облысы мен Шымкенттің құтқарушылары, полицейлер, дәрігерлер, жергілікті тұрғындар мен қаза тапқандардың туыстары. Мамандар жүзу құралдарын, ұшқышсыз аппараттарды және басқа да техниканы қолданды. Кіші інісінің денесі 24 тамызда оқиға орнынан шамамен алты шақырым жерден табылды. Үлкен ағасы келесі күні ағыс бойымен төменірек жерден табылды.

«25 тамызда іздеу жұмыстары барысында оқиға орнынан шамамен 30 шақырым жерде су бетінен 1998 жылғы екінші ер адамның денесі табылды. Осылайша, Сырдария өзеніндегі іздеу жұмыстары аяқталды. Екі ер адам да қаза тапты», — деп хабарлады Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті.
Ведомство тұрғындар мен аймақ қонақтарын қауіпсіздік қағидаларын сақтауға және жабдықталмаған, тыйым салынған жерлерде шомылмауға шақырды.

Ұқсас ақпараттар