Дания Еспаева «Ақ жол» партиясының сайлау қорытындысы бойынша қазақстандықтарға үндеу жасады

«Ақ жол» партиясының лидері Дания Еспаева Құрылтай депутаттарын сайлау қорытындысы бойынша қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.

«Құрметті отандастар, қымбатты сайлаушылар! Бүгін еліміздің саяси өміріндегі тарихи оқиға – Құрылтайға алғашқы сайлау аяқталды. Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Құрылтай Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси реформаларының нақты нәтижелерінің бірі және жалпыұлттық референдумда қабылданған халықтық Конституция ережелерінің іс жүзіндегі көрінісі болды. Осы тарихи өзгерістердің заңды жалғасы болған Құрылтайға алғашқы сайлау ашықтық пен әділдік қағидаттарына сәйкес өтіп, азаматтарға өз ерік-жігерін еркін білдіруге мүмкіндік берді. Барлық саяси партиялар сайлауға ашық бәсекелестік жағдайында қатысып, сайлаушыларға өз бағдарламаларын жан-жақты ұсынуға мүмкіндік алды. Бұл – елдің саяси жүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам және азаматтар Қазақстанның болашағын айқындауға тікелей қатысатын жаңа кезеңнің бастауы. «Ақ жол» демократиялық партиясы бұл сайлауға жан-жақты дайындалып келді – үлкен тәжірибемен, мықты командамен және елдің болашағына бағытталған жаңа идеялармен. Бүгінгі нәтиже біз үшін жай ғана сандар мен пайыздар емес. Оның артында «Ақ жолға» дауыс берген мыңдаған азаматтың үміті мен ұмтылысы, еліміздің болашағына деген сенімі тұр. Сондықтан біз өзімізге жүктелген жауапкершілікті толықтай сезінеміз. Біз «Ақ жолға» дауыс берген әрбір қазақстандықтың аманатын орындау үшін бар күшімізді саламыз. Сайлаушыларымыздың сенімін ақтау – біздің басты міндетіміз. «Ақ жол» демократиялық партиясы елдің әрбір азаматының дауысы естілуі, еңбегі лайықты бағалануы, кәсіпкерлік дамуға мүмкіндік алуы, ал отбасылар балаларының болашағына сенімді болуы үшін дәйекті жұмыс істейді. Біз сайлаушылар қолдаған саяси бағдарламамыздың әрбір ережесін бірлесіп және дәйекті түрде іске асыруға қол жеткіземіз! Алда – үлкен және жауапты жұмыс. Біз ел экономикасын нығайту, отандық өндірісті дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын құру және азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыру бойынша жұмысты жалғастырамыз. Бізге сенім артқан әрбір адамға шын жүректен алғыс айтамыз! Әрбір дауыс – ел тағдырына деген азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Бірлігіміз берік, мақсаттарымыз айқын болсын! Қазақстанның болашағы жарқын және бақуатты болсын!» – делінген «Ақ жол» партиясы төрағасының мәлімдемесінде.

Алдын ала мәліметтер бойынша, дауыс беруге 9 352 151 азамат қатысқан, келушілер саны 74,19% құрады. Экзитпол нәтижелеріне сәйкес, Құрылтайға 5 партия өтуі мүмкін деп күтілуде.

Ұқсас ақпараттар