Түркия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды Интерполдың «қызыл хабарламасы» арқылы халықаралық іздеуге беру туралы сұрау салды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бұл туралы Түркияның Әділет министрі Акын Гюрлек мәлімдеді. Оның айтуынша, сұрау Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізген Sumud халықаралық флотилиясының белсенділеріне шабуыл жасауға қатысты қылмыстық іспен байланысты. Сот процесі Стамбулдың 11-ші ауыр қылмыстық істер сотында өтуде. Іс бойынша 35 адам, оның ішінде Нетаньяху мен Афек Москович фигурант болып отыр.
Гюрлектің хабарлауынша, Нетаньяху мен Московичті тұтқындауға ордерлер 2026 жылдың 14 шілдесінде берілген. Осыдан кейін Түркия Әділет министрлігі Ішкі істер министрлігіне Интерполдың «қызыл хабарламаларын» шығаруды бастау туралы өтінішпен жүгінді. Қажетті құжаттар Сыртқы істер министрлігіне де жіберілді. Түрік тарапы іс фигуранттарын халықаралық суларда азаматтық белсенділерге қарсы әрекет жасады деп айыптайды. Әңгіме Газаға гуманитарлық көмек жеткізуге тырысқан адамдар туралы болып отыр.
«Біз Нетаньяху әкімшілігінің қол сұғылмаушылыққа ие және жауапкершілікке тартылмайды деген ұстаныммен үзілді-кесілді келіспейміз», — деді Гюрлек.
Оның айтуынша, айыптауларға адамзатқа қарсы қылмыстар, геноцид, заңсыз бас бостандығынан айыру, денсаулыққа қасақана зиян келтіру, азаптау, мүлікті бүлдіру, тонау және көлік құралдарын ұрлау кіреді. Министр Түркия кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін ұлттық және халықаралық құқықта көзделген барлық механизмдерді пайдалануға ниетті екенін қосты. Бұл ретте Интерполдың «қызыл хабарламасы» халықаралық қамауға алу ордері болып табылмайды. Ол қатысушы елдердің құқық қорғау органдарына экстрадиция мәселесі шешілгенге дейін адамды іздеу және мүмкін уақытша ұстау туралы сұрау салуды білдіреді. Нетаньяху кеңсесі айыптауларды жоққа шығарды.
Онда Анкараның әрекеттерін Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанның Израиль басшылығы мен әскери қызметшілерін қорқыту әрекеті деп атады.

