Ақтөбедегі орталық мешітке барған блогер Эммануэлла Наурызбаева бейтаныс жігіттің «бір түндік» некеге тұру туралы әдепсіз ұсынысына тап болды. Бұл сәт видеоға түсіп, блогердің Instagram парақшасында жарияланғаннан кейін полиция араласып, жігіттің кім екенін анықтап, учаскеге жеткізді.
Оқиға 25 шілде күні «Нұр Ғасыр» мешітінің маңында болған. Наурызбаеваның айтуынша, ер адам есік алдында тұрып, неке қиюды талап еткен. Кейінірек блогер мешіт әкімшілігімен және имаммен сөйлесіп, видеоны ескерту ретінде жариялағанын айтты. Оның сөзінше, әлгі адам психоневрологиялық есепте тұрады және бұрыннан «сары кітапшамен» жүрген.
Полиция бұл адамға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 449-бабы 2-бөлігі («Қоғамдық орында тиісу») бойынша хаттама толтырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар тәртіп сақшылары оған мұндай мінез-құлықтың жолға сыймайтынын түсіндіріп, профилактикалық әңгіме өткізген.
Іс материалдары сотқа жіберілмек.