Қарағандыда 63 жастағы әйел Анжерская көшесі, 39 мекенжайындағы үйдің ауласында 25 жастағы жергілікті тұрғынға шабуыл жасады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Зардап шеккен әйелдің жұбайының айтуынша, бейтаныс әйел оның әйелін көйлегі үшін балағаттай бастаған. Олардың арасында ауызша жанжал туындап, кейін қарағандылық әйел қызды арқасынан қоқыс пакетімен ұрған. Ер адамның айтуынша, пакетте шыны бөтелкелер мен қайшы болған.
Соққыдан бөтелкелер сынып, сынықтары оның жұбайын жарақаттаған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері келіп, екі әйелдің де жеке басын анықтады. Шабуылдаушы 63 жастағы қарағандылық тұрғын, ал жәбірленуші 25 жастағы әйел екені анықталды.
«Тексеру барысында 63 жастағы азаматшаның медициналық есепте тұрғаны анықталды. Әйел мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды», — деп түсіндірді полицияда.

