АҚШ Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери оқу-жаттығулардың ауқымын қысқартады

АҚШ Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери оқу-жаттығулардың ауқымын қысқартады, деп хабарлайды Sayasatlive.kz

Тиісті тапсырманы президент Дональд Трамп Пентагон басшысы Пит Хегсетке берді. Бұл шешім туралы АҚШ лидері 16 тамызда өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде хабарлады, деп жазады inbusiness.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап. Трамп маневрлерді қысқартуды Солтүстік Кореяға жаулық сигнал жібергісі келмейтінімен түсіндірді, онымен, оның айтуынша, «өте жақсы қарым-қатынасы» бар.

АҚШ президенті сондай-ақ бірлескен оқу-жаттығулардың қымбатқа түсетінін, шығындардың негізгі бөлігін Вашингтон көтеретінін айтты. Трамп Оңтүстік Кореяның Вашингтон Израильмен бірлесіп жүргізген Иранға қарсы соғыста АҚШ-ты қолдамағанын еске салды. Бұл жағдай да АҚШ президентінің шешіміне әсер етті. Әңгіме 17 тамызда басталып, 11 күнге созылатын Ulchi Freedom Shield оқу-жаттығулары туралы болып отыр. Олардың ресми мақсаты – америкалық және оңтүстіккореялық әскерилерді КХДР тарапынан болуы мүмкін шабуылға дайындау.

АҚШ Оңтүстік Кореяның негізгі әскери одақтасы болып қала береді: ел аумағында 28 500-ге жуық америкалық әскери қызметші орналасқан. Бұл ретте Сеул мен Пхеньян арасындағы қарым-қатынасты соңғы уақытта Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён жақсартуға тырысуда. 15 тамызда ол Солтүстік Кореяға бейбіт келісім жасасу туралы келіссөздерді бастауды ұсынды, алайда Пхеньяннан әлі жауап болған жоқ. Корей соғысы 1953 жылы атысты тоқтату туралы келісіммен аяқталды, бірақ екі Корея арасында толыққанды бейбіт шартқа әлі қол қойылған жоқ.

Ұқсас ақпараттар