Ақмола облысында 67 га құрғақ шөп өртенді. Өткен тәулікте құтқарушылар мен орманшылар Ақмола облысының алты ауданында табиғи өрттерді жойды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Жалпы 67 га құрғақ шөп өртенді. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. Өрт сөндірушілердің ақпараты бойынша, Біржан сал, Целиноград, Атбасар, Ақкөл, Шортанды, Жақсы аудандарындағы аумақтарды өрт шарпыды. Төтенше жағдайлар департаменті бөлімшелері мен жергілікті әкімдіктердің басты міндеті — өрттің елді мекендерге таралуына жол бермеу болды.
Бір тәулік ішінде өрт шарпыған аумақ 67 гектардан асты. Өртті сөндіруге Мариновка ауылының «Ауыл құтқарушылары», «Степногорское» орман шаруашылығы басқармасы, «Кеңес» КММ орман шаруашылығы басқармасының бөлімшелері де қатысты. Үйлесімді іс-қимылдардың арқасында құрғақ шөптің барлық өрт ошақтарын жоюға мүмкіндік туды. Төтенше жағдайлар департаменті өрттің алдын ала себебі — халықтың отты абайсыз пайдалануы екенін хабарлады.
«Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға шақырады. Төтенше жағдай туындаған кезде дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз», — делінген хабарламада.


