ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі eGov жүйесінің бұзылғаны және 15 млн қазақстандықтың деректерінің таралуы туралы ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ.
«Оның үстіне, біз даркнетте сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау бұл әртүрлі файлдар мен кескіндер жиынтығы екенін және eGov жүйесінен алынбағанын көрсетті. Мұны растайтын басқа да фактілер бар. Жарияланған көлем мен массивтің мазмұны бір-біріне қайшы келеді», — деп атап өтті Цифрлық даму министрлігі.
Сонымен қатар, eGov жүйелерінде паспорт сканерлерінің жарнама авторы ұсынғандай базасы жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқаша қалыптасады және сақталады.
«Сондықтан тағы да ресми түрде мәлімдейміз — eGov бұзылған жоқ. Оның жүйелерінен 15 млн Қазақстан азаматының деректері алынды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. БАҚ өкілдері мен ақпараттық ресурстарға жеке тоқталғымыз келеді. Даркнеттегі аноним хабарландырудың өзі бұзудың немесе деректердің таралуының дәлелі емес. Миллиондаған азаматтардың жеке деректері туралы сөз болғанда, ақпаратты алдымен тексеру ерекше маңызды», — деп атап өтті ведомствода.


