Ақсу аймағында мал жаю ережесін бұзған 200-ден астам мал иесі жауапқа тартылды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz ҚР ІІМ-ге сілтеме жасап.
«Полиция қызметкерлері ауыл шаруашылығы жануарларының иелерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, малды тиісті деңгейде ұстау және жаю, сондай-ақ оның жол жүру бөлігіне шығуына жол бермеу қажеттігін еске салады. Жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ерекше назар аударылады. Жануарлардың автомобиль жолдарында бақылаусыз жүруі жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді және апаттарға себеп болуы мүмкін», — делінген хабарламада.
Полиция иелерді малды қараусыз қалдырмауға, оны арнайы бөлінген жерлерде ұстауды қамтамасыз етуге және жануарлардың жолға шығуына жол бермеу үшін уақытылы шара қолдануға шақырады.
«Есте сақтаңыз: айналадағылардың қауіпсіздігі үшін жауапкершілік әрбір иесінің өз жануарына деген жауапты қарым-қатынасынан басталады», — деп атап өтті полицейлер.

