2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында өндірістегі жазатайым оқиғалардан 584 жұмыскер зардап шегіп, оның ішінде 77 адам қаза тапты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сілтеме жасап Juzmedia.kz хабарлайды.
Аталған кезеңде өндірістік жарақаттану көрсеткіші 2024 жылдың екінші жартысымен салыстырғанда 16,6%-ға төмендеген. 1000 жұмыскерге шаққандағы жарақат алу жиілігі 0,08 коэффициентін құрады.
Ең көп зардап шеккен өңірлер — Қарағанды облысы (61 адам), Алматы қаласы (51 адам), Шығыс Қазақстан (50), Павлодар (44), Атырау (40) және Ақтөбе облысы (39 адам).
Жарақат алу оқиғаларының негізгі себептері: өндірістегі жұмысты дұрыс ұйымдастырмау (34,6%), жұмысшының өз абайсыздығы (32,9%), жол қозғалысы ережесін бұзу (8,6%) және қауіпсіздік талаптарын сақтамау (7,1%).
Жазатайым оқиғаларды тергеуге байланысты құқық қорғау органдарына 439 материал жолданып, соның негізінде 139 қылмыстық іс қозғалған. Министрлік өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін цифрлық бақылау, кәсіпорындарды ынталандыру және «Vision Zero» қағидатын кеңейту жұмыстарын жалғастырып жатыр.