Қазақстандық жоғары оқу орындары 2026 жылы талапкерлерге екі мыңнан астам жеке білім грантын ұсынады. Сонымен қатар, университеттер оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар береді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, гранттар саны, құжат қабылдау мерзімі және іріктеу критерийлерін әрбір жоғары оқу орны дербес анықтайды. Бұл ретте ҰБТ нәтижелері, академиялық жетістіктер, «Алтын белгі» болуы, олимпиадалар мен конкурстардағы жеңістер, сондай-ақ талапкерлердің әлеуметтік мәртебесі ескеріледі.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті 2026–2027 оқу жылына Түркиядан 500 білім квотасын алды. Конкурсқа құжаттар 10-15 тамыз аралығында қабылданады. Оған Қазақстан азаматтары ҰБТ-ның қолданыстағы сертификатымен және университет белгілеген шекті баллдан төмен емес нәтижемен қатыса алады. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті IT-олимпиадалардың, жобалардың және дарынды мектеп оқушыларына арналған конкурстардың жеңімпаздарына 125 ішкі грант бөлді.
Оқу ақысын толық өтейтін тағы екі грант жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың және «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне берілді. Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде 94 грант қарастырылған. Оларды EKTU QUIZ-2026, «Ақылды Awards 2026», EKTU STAR 2026 және «EKTU таңда – болашақты таңда» конкурстарының қорытындысы бойынша алуға болады.
Грант есебінен оқу мерзімі бір жылдан төрт жылға дейін. Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті 19 ректорлық грант бөлді. Олар жетім балаларға, ҰБТ нәтижесі 100 баллдан жоғары, бірақ мемлекеттік грант алмаған талапкерлерге және олимпиада жеңімпаздарына арналған. С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті облыстық олимпиадалардың жеңімпаздарына және «Зерделі» мектептерінің түлектеріне 20 ректорлық грант береді. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде 12 жеке грант қарастырылған, ал Рудный индустриялық университеті әлеуметтік осал санаттағы талапкерлерге 10 ректорлық грант бөлді. Қарағанды индустриялық университетінде жоғары академиялық нәтижелері бар студенттер бірінші курстан кейін оқуын жоғары оқу орнының қаражаты есебінен жалғастыра алады.
Сонымен қатар, 2026–2027 оқу жылында Нариман Ишмұхамедов атындағы атаулы грант тағайындалды. Ол оқу ақысын толық өтейді және ай сайын 150 мың теңге мөлшерінде стипендия қарастырады. Satbayev University жұмыс берушілер мен жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың гранттарын тартады. 2025–2026 оқу жылында мұндай қолдауды 538-ден астам студент алды. Басымдық энергетика саласының басым мамандықтары бойынша оқитын әлеуметтік осал студенттерге беріледі.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ҰБТ нәтижесі 100 баллдан басталатын талапкерлер университет грантын ала алады. Іріктеу кезінде академиялық жетістіктер мен олимпиадалардағы жеңістер де ескеріледі. «Тұран-Астанада» ҰБТ-да 100 баллдан жоғары жинаған «Алтын белгі» иегерлеріне оқудың барлық кезеңіне ректорлық грант беріледі. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті 100 баллдан жоғары жинаған, бірақ мемлекеттік грант алмаған «Алтын белгі» иегерлеріне 100 пайыздық жеңілдік береді.
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жаратылыстану пәндері мұғалімдерін даярлау бағдарламаларына түскен «Алтын белгі» иегерлері GPA 3,5-тен төмен болмаған жағдайда 100 пайыздық жеңілдік ала алады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті «Қамқор», «Көмек», «Жәрдем» және «Зерек» бағдарламаларын ұсынады. Жекелеген санаттар үшін жеңілдіктер мөлшері 15-тен 100 пайызға дейін. Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 14 санат бойынша жеңілдіктер қолданылады.
Қолдау жетім балаларға, мүгедектігі бар студенттерге, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың өкілдеріне, «Алтын белгі» иегерлеріне, олимпиада жеңімпаздарына және басқа санаттарға қарастырылған. Жеңілдіктер мөлшері — 20-дан 100 пайызға дейін. Жеке гранттар мен жеңілдіктерді алу шарттары әртүрлі жоғары оқу орындарында ерекшеленеді. Талапкерлерге гранттар санын, құжат қабылдау мерзімін және қатысушыларға қойылатын талаптарды университеттердің ресми сайттарынан немесе қабылдау комиссияларынан алдын ала нақтылау ұсынылады.
Бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мемлекеттік білім грантын ала алмаған талапкерлерге үндеу жасаған болатын. Ол жоғары оқу орындарында тегін оқудың басқа мүмкіндіктері туралы айтты. Ал қарсаңында «Курсив» әкімдіктен грантты қалай алуға болатыны туралы жазған еді.


