Астанада қала тұрғындарының шағымдарынан кейін Есіл өзенін ауқымды тазарту жұмыстары басталды. Астана әкімдігі қалалық қызметтердің Есіл өзенін тазарту және экологиялық қалпына келтіру жұмыстарын күшейткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Сарапшылардың мәліметінше, биыл Есіл өзенінің жекелеген учаскелерінде судың көгеруінің қарқындылығы көпжылдық көрсеткіштерден асып түскен. Негізгі себептердің қатарында ауа температурасының жоғары болуы және су деңгейінің төмендеуі бар. Өзеннің жағдайына сыртқы факторлар да әсер етеді. Судың сапасы оның жоғары орналасқан аймақтардағы жағдайына да байланысты.
Азот пен фосфор қосылыстары сияқты биогендік заттар, сондай-ақ органикалық ластанулар қосымша жүктеме тудырады. Сарапшылар атап өткендей, өзенге және оның салалары – Сарыбұлақ пен Ақбұлақ ағындарына рұқсат етілмеген ағынды сулардың түсу ықтималдығын толықтай жоққа шығаруға болмайды. Бұл факторлардың барлығы көк-жасыл балдырлардың белсенді дамуына ықпал етеді. Экологтар ағысы баяу, тоқырау учаскелерінде жасыл шағын балдыр – хлорелла суспензиясын қолдануды жоспарлап отыр.
«Бұл әдіс химиялық заттарды қолдануға экологиялық қауіпсіз балама болып саналады. Хлорелла азот пен фосфор қосылыстарын – көк-жасыл балдырлардың көбеюіне ықпал ететін қоректік заттарды белсенді сіңіреді. Осының арқасында шағын балдыр олардың дамуын тежеуге көмектеседі және суайдынның табиғи биологиялық теңдестігін қалпына келтіруге ықпал етеді. Сәулеқұрау процесінде хлорелла суды оттекпен байытып, балықтар мен басқа да су организмдері үшін қолайлы жағдай жасайды, сондай-ақ судың табиғи өздігінен тазару процестеріне ықпал етеді», — деп атап өтті әкімдікте.
Экологтар хлорелланы қолданудың әсері біртіндеп болатынын атап өтеді. Биологиялық теңдестікті қалпына келтіру уақытты қажет етеді, ал алғашқы нәтижелер суспензияны енгізгеннен кейін бірнеше аптадан соң күтіледі.

