Енді жаңа шешімге сәйкес, жылжымайтын мүлікте 50 және одан да көп пайыз үлесі бар тұлғалар баспана кезегіне тұра алмайды, деп хабарлайды Sayasatlive.kz.
Бұл өзгеріс бұрыннан есепке алынғандарға қатысты емес, деп хабарлайды Atameken Business. Жалпы 9 түзету әзірленді. Мысалы, баспанасы апатты деп танылғандарға пәтерді жергілікті әкімдіктер береді. Асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылықтың күші жойылған жағдайда жетім балалар бастапқы есепке алу күнін сақтай отырып, қайтадан кезекке тұра алады. Болашақ баспананың алаңы есептелетін отбасы мүшелерінің құрамы да кеңейтілді.
«Егер балалар бір жынысты, екі бала болса, оларға бір бөлме беріледі, тиісінше, төрт адамдық отбасы үшін екі бөлмелі пәтер. Егер балалар әртүрлі жынысты болса, тиісінше, олардың әрқайсысына бір бөлмеден беріледі. Ерлі-зайыптыларға бір бөлме, қыз балаға бір бөлме, ұл балаға басқа бөлме. Бұл — үш бөлмелі пәтер. Бұл ретте, егер отбасында бірінші және екінші дәрежелі мүгедектігі бар балалар, дәлірек айтсақ, мүгедектігі бар балалары бар отбасылар болса, тиісінше, бұл балаға қосымша бөлме беріледі», — деді «Отбасы банк» АҚ маманы Әділ Албанханов.
Бүгінде Қазақстанда жеңілдетілген ипотекалық немесе әлеуметтік жалдамалы баспана алуға мемлекеттік кезекте 985 мыңға жуық адам тұр. Осы санның ішінен шамамен 310–311 мың азамат шаршы метр алуға бірінші кезектегі құқыққа ие.
Жеңілдікті санаттарға халықтың әлеуметтік осал топтары, көп балалы отбасылар және жетім балалар жатады.

